Алтын микрофон-2023: Қостанайда байқау жеңімпаздары анықталды

Бүгін Қостанайды үш күн бойы әнге бөлеген талантты жастардың «Алтын микрофон» ән байқауының қорытындысы шығарылды. «Жастар» сарайының сахнасында өткен өнер жарысына еліміздің жас дарындарынан бөлек алыс-жақын шет елдерден де үміткерлер қатысып, бақтарын сынады, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Байқау вокалдық өнердің жас талантты орындаушыларын анықтап, қолдау білдіріп, сондай-ақ Қазақстан халқының рухани бірлігі идеясын, халықтар достығын, ұлтаралық және мәдениетаралық шығармашылық диалогты дамыту, шығармашылық байланысты нығайта түсуді мақсат еткен.

Іргеде өтіп жатқан жас дарындардың бәсекесіне барып, бақтарын сынаған Қостанайлық вокалшылардың арасынан тек арқалықтық Нұржайна Таубалдының ғана шоқтығы биік болды. Ол өнер додасының ең жас орындаушылары арасында үшінші орынға ие болды. 10 жасар Нұржайна еліміздің жарық жұлдыздарының бірі, күміс көмей әнші Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Цвети, моя земля» әнін орындағанда халықаралық деңгейде құрылған қазылар мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Байқауға төрелік ететін Қазылар алқасының құрамы да мықты өнер иелерімен толыққан. Оның төрағасы – Жеңіс Сейдоллаұлы, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазылар алқасының мүшелері: Қарлығаш Әбдікәрімова (Алматы, Қазақстан), Николай Текелиев (Болгария), Вреж Киракосян (Армения), Глеб Лапицкий (Беларусь), Гүлнара Тойғанбаева (Қырғызстан), Татьяна Апанасенко (Украина), Гүлбану Абдуллина (Қостанай, Қазақстан).

Қостанай жерінде өтіп жатқан дәстүрлі «Алтын микрофон-2023» ән байқауының маңызы зор. Биыл 20-шы рет ұйымдастырылып отырған өнер додасының алар асуын әлде қашан дәлелдеп қойған. Осы байқаудың шекпенінен шыққан жастар қазір елдің назарында жүр. Бұл байқауда да хас жүйрікті анықтау бізге қиын болды. Жеңімпаздарға табыс тілеймін, - дейді әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы.

Осылайша, қазылар алқасының шешімімен 7-ден, 10 жас аралығындағы кішкентайлар арасында бірінші орынды Алсу Ұлуханова (Алматы облысы) иеленді. 11-13 жас аралығындағы орта жас арасында Астанадан келген Жасмин Тілеумбетоваға тең келер ешкім болмады. «Алтын» деп аталатын 14-17 жас аралығындағы топта Ақтөбенің намысын қорғаған Наргиз Жанұзақова үздік деп танылды. Ал, 18-23 жас аралығындағы «Кәсібилер» санатында Алматы қаласының тумасы Досжан Қайыркенов бірінші орын иегері атанды.

Қазақ пен Қырғыз бір туған халық қой. Сіздердің тараптарыңыздан осынау ән байқауына төрелік етуге шақыру түскенде қатты толқыдым. Себебі, тұтас түркі әлемінің рухани ордасы қазақ елі. Соны сіздер бүгін тағы да бір дәлелдедіңіздер. Жастардың арасында осындай байқау өткізу - ерекше бастама. Жеңіске жеткендерді шын жүректен құттықтаймын!, - дейді бауырлас Қырғыз елінің дарынды өнер иесі Гүлнара Тойғанбаева.

Жарыстың ең негізгі жүлдесі Гран-при мен 700 000 теңгелік сыйақыны Жамбыл облысының намасын қорғаған Қымбат Жамбылбек қанжығасына байлады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы