Алтын мен күмістен дайындалған коллекциялық монеталар сатылымға шығады
1 маусымнан бастап интернет-дүкен арқылы алтын мен күмістен дайындалған коллекциялық монеталар сатыла бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі мәлімдеді.
Сатып алушы оларды аумақтық филиалдардың кассасынан өз бетінше алып кете алады. Аталған әдіспен мына монеталарды сатып алуға болады:
- BUǴY күміс монеталарының сынамасы – 925, массасы 777,5 грамм, диаметрі 100 мм;
- AQQÝ күміс монеталарының сынамасы – 925, массасы 777,5 грамм, диаметрі 100 мм;
- BÚRKIT күміс монеталарының сынамасы – 925, массасы 777,5 грамм, диаметрі 100 мм;
- ÓMIR SHEJIRESI монеталары 925 сынамалы күмістен дайындалған, массасы 777,5 грамм, диаметрі 100 мм;
- KIIZ ÚI монеталары 925 сынамалы күмістен дайындалған, массасы 1000 грамм, диаметрі 100 мм;
- JETI QAZYNA монеталары 925 сынамалы күмістен дайындалған, массасы 777,5 грамм, диаметрі 100 мм;
- JETI QAZYNA монеталары 999/1000 сынамалы алтыннан дайындалған, массасы 7,78 грамм;
- Барыс жылы монеталары 999/1000 сынамалы алтыннан дайындалған, массасы 7,78 грамм.
Аумақтық филиалға баратын күн мен уақытты белгілеуге берілген сілтемесі бар тапсырысты растау туралы хабарлама пайдаланушының электрондық пошта мекенжайына интернет-дүкенде монета сатып алғаннан кейін түседі.
Аумақтық филиалға баратын күн мен уақытты пайдаланушының жеке кабинетіндегі «Менің тапсырыстарым» бөлімінде рәсімделген тапсырыс карточкасында белгілеуге де болады. Тапсырысты аумақтық филиал растағаннан кейін тапсырыс карточкасында күн мен уақытты белгілеу батырмасы пайда болады. Коллекциялық монеталарды алып кету жолымен сату кезеңінде монета сатып алушыларға уақытылы беруді қамтамасыз ету үшін курьерлік жеткізу арқылы коллекциялық монеталарды сату уақытша тоқтатылады, - делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.
Сатып алынған монеталар пайдаланушыға тапсырысты растау формасы тексерілгеннен кейін, сондай-ақ жеке куәлігі болған кезде ҚҰБ аумақтық филиал кассаларында беріледі.
Тапсырысты растау формасын пайдаланушының жеке кабинетіндегі «Менің тапсырыстарым» бөлімінен жүктеуге болады.
Сонымен қатар алып кету арқылы сатылатын монеталарды тапсырыс берушінің өзі келіп алу керектігі туралы шарт бар.
Монеталар түрлі жеткізу қызметінің курьерлеріне, оның ішінде сатып алушының өтінішімен өзге адамға берілмейді.