Бүгiн 2026, 20:41 Фото: Туризм және спорт министрлігі

Алтын медаль алды: Таеквондошы Айым Серікбаева жастар арасында әлем чемпионы атанды

20 жылдан кейінгі тарихи алтын.

Қазақстандық спортшы Айым Серікбаева (-44 кг) таеквондодан (WT) жастар арасында әлем чемпионы атанды. Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінің финалында ол мексикалық Понсе Нуньес Дара Ширлиді 2:0 есебімен сенімді түрде жеңді.

Бұл жеңіс - Қазақстан таеквондосы үшін тарихи сәт. Ел құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатында соңғы рет алтын жүлдені 2006 жылы жеңіп алған еді. Осылайша, араға 20 жыл салып алтын медаль қайтадан ел қоржынына түсті, - деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, Айым Серікбаева бұған дейін Азия чемпионы атанып, жастар арасындағы Азия ойындарының жеңімпазы болған.

Қазіргі таңда Ташкентте өтіп жатқан додада Қазақстан құрамасының қоржынында бұған дейін Ерасыл Ерзат пен Ислам Медетбай жеңіп алған екі қола медаль бар.

Жастар арасындағы әлем чемпионаты 17 сәуірге дейін жалғасады.