11 Шілде 2026, 10:52 Фото: istockphoto.com

Алтын іздеу туризмге айнала ма?

Қазақстанда қарапайым азаматтарға алтын өндіруге көбірек мүмкіндік беру ұсынылып отыр. Сарапшылар старательдік өндірісті жеңілдетіп қана қоймай, оны туристік бағыт ретінде де дамытуға болады дейді. Бұл бастама экономикаға серпін бере ме, әлде заңсыз алтын айналымы мен экологиялық тәуекелді күшейте ме? BAQ.KZ тілшісі мәселені саралап көрді.

Қазақстан – әлемдегі алтын қоры мол мемлекеттердің бірі. Президент Әкімшілігінің ресми мәліметіне сәйкес, еліміз алтын қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына кіреді. Алтын – экспорттағы маңызды өнімдердің бірі және инвестиция тартатын негізгі минералдық ресурстардың санатына жатады.

Соған қарамастан, сарапшылар Қазақстанда шағын көлемдегі алтын өндіру саласы әлі де толық қалыптаспады деп есептейді. Әңгіме ірі кеніштер туралы емес, әлемнің көптеген елінде бұрыннан қолданылып келе жатқан старательдік өндіріс жайында болып отыр.

Жеке алтын өндіру деген не?

Көпшілік жеке алтын өндірісі дегенде фильмдердегі күрек ұстап өзен жағасынан алтын іздейтін адамдарды елестетеді. Негізінде бұл – заңмен реттелетін қызмет.

Қазақстанда жеке алтын өндіру институты 2018 жылы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданғаннан кейін енгізілді. Заң бойынша азаматтар арнайы лицензия алып, шағын шашыранды кен орындарында алтын өндіре алады. Бұл қызмет кәсіпкерлік ретінде рәсімделеді және мемлекет бақылауында болады.

Алайда заң қабылданғанымен, механизм күткендей жұмыс істемеді.

Сала өкілдерінің айтуынша, лицензия алу рәсімінің күрделілігі, учаскелердің шағын болуы және өндірілген алтынды өткізудің нақты тетігінің жоқтығы старательдік кәсіптің дамуын тежеп отыр.

Неге бұл мәселе қайта көтерілді?

Соңғы апталарда сала мамандары старательдік өндірісті түбегейлі жаңғырту қажет екенін тағы да көтерді.

Aurora Minerals Group компаниясының негізін қалаушы Саид Сұлтановтың айтуынша, қазіргі заңнаманың әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

Оның пікірінше, старательдік өндірісті дамыту арқылы:

шағын және орта бизнесті жер қойнауын игеруге тартуға;

шалғай ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашуға;

өндірілмей жатқан шағын кен орындарын айналымға енгізуге;

геологиялық барлауды жандандыруға болады.

Сонымен қатар сарапшы Қазақстанда «старательдік туризмді» дамытуға мүмкіндік бар екенін айтады. Оның пікірінше, шетелдің кейбір елдеріндегі сияқты туристерге лицензияланған учаскелерде алтын іздеу қызметін ұсынуға болады. Бұл өңірлік туризмге жаңа бағыт әкелуі мүмкін.

Республикалық бағалы металдар өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Қанат Байтов та қолданыстағы нормаларды қайта қарауды қолдайды. Оның айтуынша, қазіргі талаптар старательдік кәсіпті экономикалық тұрғыдан тартымсыз етіп отыр.

Қазақстан жыл сайын қанша алтыннан қағылып отыр?

Старательдік өндірісті қолдаушылардың басты уәжі – заңсыз алтын айналымын азайту. Олар бүгінгі күні көптеген ұсақ кен орындары көлеңкелі жолмен игеріліп жатқанын, ал мемлекет одан салық та, бақылау да ала алмай отырғанын айтады.

Бұл мәселе бұған дейін Парламент қабырғасында да көтерілген. Сенат депутаттары бағалы металдардың заңсыз айналымы ұлттық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп отырғанын мәлімдеген.

Депутаттардың келтірген дерегіне сәйкес, соңғы төрт жылда бағалы металдарды заңсыз өндіру, ұрлау және заңсыз айналымға шығаруға қатысты 133 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Ал 2020–2023 жылдары Қаржы мониторингі агенттігі жеті қылмыстық істі тергеп, мемлекетке келтірілген залал көлемі 1,5 млрд теңгеден асқан.

Сол депутаттық сауалда тағы бір маңызды мәселе көтерілді. Онда көлеңкелі нарықтың көлемі заңды өндірістің шамамен үштен біріне жетуі мүмкін екені айтылған. Егер бұл бағалау шындыққа жақын болса, онда мемлекет жыл сайын айтарлықтай көлемдегі алтынның ресми есептен тыс айналымына тап болып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, дәл осы себептен старательдік қызметті толыққанды заңдастыру маңызды.

«Алтын қайда кетіп жатыр?»

Қазақстанның Бағалы металдар өндірушілерінің республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Қанат Байтовтың айтуынша, мәселе заңның жоқтығында емес, оның жұмыс істемеуінде.

Оның мәліметінше, 2018 жылдан бері елде шамамен 300 старательдік лицензия берілгенімен, осы уақытқа дейін старательлер өндірген алтынның бірде-бір грамы ресми түрде мемлекетке өткізілмеген.

«Егер лицензиялар беріліп, адамдар жұмыс істеп жатса, онда алтын қайда кетіп жатыр?» деген сұраққа жауап іздеу керек, – деген ол Қазақстанның алтын өндіру форумында.

Бұл мәлімдеме саланың басты проблемасын ашып көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, лицензия алған адамдар өндірген алтынды заңды түрде өткізе алмайды немесе оған экономикалық қызығушылық жоқ. Соның салдарынан алтынның бір бөлігі көлеңкелі айналымға кетуі мүмкін.

Осы мәселені шешу үшін биыл Салық кодексіне бірқатар өзгеріс енгізілген. Соның ішінде старательдер үшін есеп беру тәртібі жеңілдетіліп, олар жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істей алады. Сондай-ақ «Тау-Кен Алтын» кәсіпорны қабылдайтын алтынның ең төменгі көлемі бұрынғы килограммдық межеден 200 грамға дейін төмендетілді. Бұл ұсақ өндірушілер үшін алтынды ресми өткізуге мүмкіндік береді.

Заңды жеңілдету жеткілікті ме?

Алайда барлық маман бұл бастаманы бірдей қолдамайды.

Геолог Болат Қабазиевтің пікірінше, мәселе тек лицензиялауда емес.

Оның айтуынша, старательдік өндіруде бірнеше тәуекел бар.

Біріншіден, өндірілген алтын көлемін бақылау қиын.

Екіншіден, рұқсат етілген мөлшерден артық өндірудің алдын алу оңай емес.

Үшіншіден, өзен арналары мен табиғи аумақтарда жұмыс істеу экологиялық тәуекелдерді күшейтуі мүмкін.

Сарапшының айтуынша, ұсақ алтын өндіру коммерциялық тұрғыдан да әрдайым тиімді бола бермейді. Геологиялық тұрғыдан қарағанда әрбір лицензия табысқа кепілдік бермейді. Сондықтан «алтын іздегеннің бәрі байып кетеді» деген түсінік шындыққа жанаспайды.

Қазақстанда старательдік алтын өндіруді дамыту туралы бастама – жай ғана алтын іздеуге рұқсат беру мәселесі емес. Бұл – көлеңкелі экономиканы қысқарту, жер қойнауын тиімді пайдалану, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құру және туризмнің тың бағытын қалыптастыруға қатысты кешенді мәселе.

Бүгінде сала өкілдері қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді ұсынып отыр. Олардың пікірінше, лицензиялау рәсімін жеңілдету, алтынды заңды өткізу тетіктерін жетілдіру және старательдік қызметті экономикалық тұрғыдан тартымды ету арқылы мемлекет те, кәсіпкерлер де ұтады.

Алайда бұл бастаманың екінші қыры да бар. Геологтер мен экологтер бақылаудың әлсіреуі заңсыз өндірудің артуына, табиғатқа зиян келуіне және мемлекет бақылауынан тыс алтын айналымының ұлғаюына әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

Сондықтан сарапшылардың ортақ ұстанымы бір: егер Қазақстан старательдік өндірісті кеңейтуді көздесе, ең алдымен тиімді бақылау жүйесін қалыптастырып, экологиялық талаптардың қатаң сақталуын және өндірілген алтынның толықтай заңды айналымға түсуін қамтамасыз етуі қажет.

Осындай жағдайда ғана старательдік өндіріс экономиканың жаңа бағытына айналып, ал "старательдік туризм" Қазақстанның туристік өнімдерінің бірі ретінде қалыптасуы мүмкін. Әйтпесе, жақсы бастама көлеңкелі нарықтың тағы бір тетігіне айналып кету қаупі жоқ емес.