«Алтын Гефест» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды
Astana Mining & Metallurgy XIII халықаралық тау-кен металлургия конгресінің аясында «Алтын Гефест» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сала үздіктеріне тиесілі жүлделерді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Альберт Рау және Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец табыстады.
13-ші рет өткізіліп отырған байқау Индустрияжәне инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ERG (Eurasian Resources Group) қолдауымен ұйымдастырылып келе жатыр.
Ұйымдастырушылар айтқандай, қазір сала өкілдерінің отандық тау-кен секторының маңыздылығын арттыруға бағытталған бастамаларға қызығушылығы артып, аталған байқаудың беделі жыл сайын артып келеді. Айталық, биыл қазылар алқасы Қазақстанның 29 компаниясы мен 7 университтен 150-ден астам өтінішті қарап, үздік мамандарды таңдады.
Жеңімпаздардың есімі 2 кезеңнің нәтижесінде белгілі болды. Алдымен ұйымдастыру комитетінің мүшелері өтініштерді жинап, сосын жетекші компаниялардың басшылары мен сарапшылардан жасақталған қазылар сауалнамаларды бағалады.
Өзгелерден оқ бойы озып шыққандардың есімі 15 номинация бойынша анықталды. Оның ішіндде 3 номинация жаңадан қосылғанын айта кетейік.
«Алтын Гефест-2023» ұлттық байқауында келесі азаматтар топ жарды:
1) «Жыл геологы» - Нұрхан Жартыбаев,«Волковгеология» АҚ геология, гидрофизика және радиоэкология бөлімінің басшысы;
2) «Жылдың үздік кеншісі» - Асхат Төрекенов,«Шығыстүстімет» ЖШС-нің қызметкері;
3) «Жылдың үздік металлургы» - Сабыржан Әлімбаев, ERG Capital Projects ЖШС инженер-технологы;
4) «Жылдың үздік кеншісі» - Евгений Башқұртов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің қызметкері;
5) «Жылдың үздік байытушысы» - Ұлпан Жетібаева, KAZ Minerals Management ЖШС-нің бас байытушысы;
6) «ТМК-дағы үздік әйел маман» - Елена Мазаева, «КАЗЦИНК» ЖШС-нің 5-разрядтағы кран машинисі (краншы);
7) «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» - «Казцинк» ЖШС-нің мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс істейтін бейнемониторинг орталығы;
8) «Өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша жыл көшбасшысы» - «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС;
9) «ТМК-дағы үздік digital-шешім» (ERG (Eurasian Resources Group) сыйлығының бас әріптесінен арнайы номинация) - Kaz Minerals тобының цифрлық трансформациясы, Kaz Minerals тобы;
10) «Жыл педагогы» - Қанай Рысбеков, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті;
11) «Жыл тәлімгері» - Қалижар Серкебаев, Maker ЖШС-нің бас дәнекерлеушісі;
12) «Үздік дипломдық жұмыс» - Алмас Әміржан, Назарбаев Университет;
13) «Мерзімді басылым және интернет-ресурстардағы ТМК туралы үздік журналистік жұмыс» - Татьяна Ромашова;
14) «Жылдың үздік медиа жобасы. ТКМК туралы үздік журналистік жұмыс» - Диас Баймұхамедов, «Призвание» деректі фильмі үшін;
15) «Үздік ESG стратегиясы» - «Алтыналмас» АҚ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты даму стратегиясы.
Салтанатты жиында Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының өкілдері аталған салада ұзақ жыл еңбек етіп, құрметке бөленген мамандарды да айрықша мемлекеттік наградамен марапаттады. «Еңбек даңқы» төсбелгісі 5 адамға берілді.
Бұл ретте 13 жыл аралығында аталған марапатты 170-тен астам маман мен компаниялар иеленгенін айта кеткен орынды. Айта кетерлігі, байқау AMM тау-кен металлургия конгресі шеңберінде өткізіліп отыр.