«Алтын Гефест» байқауының жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Алтын Гефест» салалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Дәстүрлі конкурс «Astana Mining & Metallurgy» (АММ) Халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында өткізіліп отыр.

Бұл туралы  ИИДМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Байқауға геология, тау-кен, металлургия саласының мамандары, жобалау, ғылыми және оқу мекемелері мен кәсіпорын қызметкерлері сондай-ақ журналистер қатысты.

Биылғы конкурс 14 номинация бойынша ұйымдастырылды. Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімі бойынша «Жылдың үздік геологы» аталымына «Два Кей» ЖШС бас директоры Николай Каменский ие болды. Ал «Жылдың үздік металлургы» номинациясына Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 6 разрядтағы ферроқорытушысы Галипулла Бисенов лайық деп танылды. «Жылдың үздік кеншісі» аталымын «Нұрқазған» кенішінің директоры Мұқан Унгитбаев қанжығасына байласа, «Сарань» шахтасының директоры Владимир Шнель жылдың үздік шахтері атанды.

Сондай-ақ конкурс қорытындысы бойынша «Тау-кен саласындағы әйел» номинациясымен «Востокцветмет» ЖШС бас инженер-байытушысы Евгения Кокорева марапатталды. Ал өндірістік қауіпсіздік бойынша «Тау-Кен Алтын» ЖШС үздік деп танылды.

Қарағанды техникалық университетінің профессоры Юрий Пак жылдың үздік ғалым-педагогі атанса, А. Сағынов атындағы ҚТУ студенті Анастасия Стекольникова  «Жылдың үздік дипломдық жұмысы» аталымына ие болды.

Сонымен қатар «Жылдың үздік медиа жобасы – «Тау-кен саласы бойынша үздік телевизиялық жұмыс» номинациясымен «Atameken Business»  телеарнасының тілшісі Жалғас Азғанбаев, «Тау-кен саласы бойынша үздік журналистік жұмыс» аталымымен «Atameken Business» телеарнасының тілшісі Олег Гусев марапатталды. Ал «Казахстанская правда» республикалық газетінің тілшісі Марина Демченконың материалы үздік журналистік мақала ретінде танылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы