"Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздік күніне орай Орал қаласында өткен "Тұғыры биік Тəуелсіздік!" атты VIII "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті, деп хабарлады "Nur Otan" партиясының қоғаммен байланыс департаменті.
"Nur Otan" партиясының қолдауымен, Мәдениет және спорт министрлігі мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырған өнер сайысы екі күнге созылды.
Жыр додасына барлығы 20 ақын қатысып, оны ақын, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.
Сонымен, "Алтын домбыра" алматылық ақын Рүстем Қайыртайұлына бұйырды. Ал бірінші жүлдені Мұхтар Ниязов алса, екінші орынды Жансая Мусина мен Қазірет Бердіхан олжалады. Үшінші тұғырдан Айбек Қалиев пен Өміржан Көпбосынов көрінді. Арнайы жүлде Әсем Ережеқызы, Қанат Мырзахан, Аспанбек Шұғатаевқа тапсырылды. Ал финалға шықпаған ақындар шабыттандыру сыйлығын алды, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысынан келген айтыс өнерінің ірі қолдаушысы, "Tass Group" компаниясының директоры Дулат Тастекеев қарағандылық Дидар Хамзиевке ат мінгізсе, оралдық Бауыржан Шимерденұлына бір жылдық 2 миллион 400 мың теңге көлемінде стипендия тағайындады.
Айтыстың алғышқы күні "Nur Otan" партиясының ұсынысы бойынша мемлекет басшысының Жарлығымен белгілі ақын, айтыстың жанашыры Жүрсін Ерман "Парасат" орденімен және дарынды айтыскер Айбек Қалиев "Құрмет" орденімен марапатталды.
Еске сала кетсек, "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шілде айында Қызылорда облысына барған жұмыс сапары барысында аймақтың белсенді жастарымен арнайы кездесенді.
Кездесуде Бауыржан Байбек жастардың ел дамуындағы рөлі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы ашық әңгіме өрбітіп, қазіргі жаһандану жағдайында әрбір ұлт өзін сақтап қалу үшін күресіп жатқанына және бұл істе жастарға үлкен міндет жүктеліп отырғанына назар аударған болатын.
"Біз тәуелсіздік алған кезде болашағымызға сенімсіздікпен қарағандар болды. Елбасының дана саясатының арқасында біз мемлекет құрып, бүкіл әлемге өзіміздің ел бола алатынымызды дәлелдедік. Енді осы елдігімізді күшейтіп, өз құндылықтарымыздың аясын кеңейтуіміз керек. Ана тіліміз бен тарихымызды дәріптеп, әлемдік деңгейге алып шығу біздің міндетіміз. Бұл істе жастарымыз белсенділік танытуы керек. Партияның қолдауымен енді ай сайын әр өңірде айтыс ұйымдастырылады. Оның алғашқысы күзде Алматыда өтеді. Ақындарымыз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтуы тиіс. Бірақ барлығы конструктивті болуы қажет, - деген еді ол.Міне, содан бері "Nur Otan"-ның қолдауымен осыған дейін елордада ұлттық спорт саласындағы үздіктерді анықтайтын "Алтын тұғыр – 2019" кеші, сондай-ақ, жыршы-термешілердің "JYR AMANAT" концерт-спектаклі өтті. Сондай-ақ, "Nur Otan" партиясының жанындағы "Мирас" республикалық қоғамдық кеңесі мүшелерінің бастамасымен мемлекеттік тілді дамыту тетіктерін пысықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Биыл күзде Атырау, Қарағанды, Қостанай, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында айтыстар өтіп, "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы осы жылы партияның қолдауымен өңірлерде ұйымдастырылған айтыстарды қорытындылады.
Партия айтыс өткізуді биылмен ғана шектемей, бұл үрдіс келесі жылы ғұлама ғалым Әбу насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығына орай өткізілетін аламан айтыстарға ұласпақ.