Алтын, доллар немесе теңге: Артық ақшаны қалай жинаған дұрыс?
Мамандар ақша жинауға қатысты өз ойларын бөлісті
Қазіргі экономикалық жағдайда жинақты валютада сақтау тиімді ме, әлде алтын жинаған дұрыс па деген сұрақ көпшілікті алаңдатады. Бірі доллар жинауды жөн көрсе, енді бірі алтынды қауіпсіз актив санайды. Ал кей азаматтар жоғары сыйақы мөлшерлемесіне байланысты теңгелік депозитті таңдайды.
Бұл мәселеге қатысты Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығының (QAMS) атқарушы директоры, инвестиция саласының аналитигі Данияр Темірбаев пен 30 жылға жуық зергерлікпен айналысып жүрген маман Айбек Утепкалиев пікір білдірді.
"Халықта алтын жинау әдеті жоқ"
Зергер халықта әлі күнге дейін алтынды инвестиция ретінлде қарастыру мәдениеті қалыптаспағанын айтады.
Ақша мен алтынды салыстырар болсақ, бірінші алтын тұрады ғой. Халық алтын жинауды әлі түсінбей келе жатыр. Тіпті әлемдік ұлттық банк қорларын алтынмен ұстайды. Алтын - метал, қанша тұрса да шірімейді. Ал ақша, оның ішінде, доллар инфляцияға тәуелді. Ал теңге 1993 жылдан бері 100 есе құнсызданған екен. Ал алтын тұрақты құнын ұстап қалады, - дейді маман.
Ол Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардағы жағдай туралы да айта кетті.
1990-жылдары көп адам ақшалай жинады. Кейбір адамдар ауылдағы малын сатып, жинақ кітапшасына ақшасын жинады. Бірақ 1993 жылы валютамыз теңгеге ауысып, көп адам опық жеп қалды. Ол кезде тек кейбір адамдардың ақшасын теңгеге ауыстырып, қалғандарының жинаған ақшалары “күйіп” кетті. Сол кезде ақша емес, алтын жинағанда қазіргі күнге дейін құны сақталып қалар еді, - дейді зергер.
Алтын қоры азайып жатыр
Оның сөзінше, алдағы жылдары жер бетінде алтын қоры бітіп те қалуы мүмкін.
Себебі әлемде жер қойнауындағы алтынның 80 пайызы өндіріліп қойған екен. Ендігі қалған 20 пайызы шамамен 15-20 жылға ғана жетеді. Жер қойнауының өзінде алтын бітіп жатыр. Табылады деп жатады, бірақ оның табылу жолы да, өндіру де қиын, - дейді маман.
Зергер маман алтын жинау әдеті түркиялықтарда жақсы қалыптасқанын айтады.
Мен Ыстамбұл қаласына жиі барамын. Ол жерде қарапайым халықтың өзі алтынды жақсы көреді. Той-томалақтарында да жастарға алтын сыйлап жатады. Ал бізде киім-кешек, көлік, үй беріп жатады. Түркиялықтар алтын бағасы аздап түскен кезде ұзын-сонар кезекке тұрып, осы металды сатып алды, - дейді ол.
Әшекей жинау керек пе, әлде алтынды құйма ретінде жинау керек пе?
Айбек Утепкалиев алтынды құйма ретінде жинаудың машақаты көп дейді.
Құйма ретінде жинауға болады. Таза 9999 сынамасындағы алтын өте жұмсақ болып келгендіктен одан таза 9999 сынамалы бұйым шықпайды. Оны тек құйма ретінде сақтау керек. Оның тиімсіз жері үнемі бірге алып жүре алмайсыз, арнайы сейфте сақтау керек. Ал әшекей ретінде 750 немесе 585 сынамасы бар, тассыз әшекейлерді бір жағынан тағып жүресіз, әрі өзіңізде қор ретінде сақтауға болады, - дейді маман.
Түркия мен Қазақстанның алтындары
Зергердің сөзінше, Түркияның алтыны Қазақстанның алтынынан қымбат болады. Оның бірнеше себебі бар.
Себебі Түркиядан бері келетін жолы бар, зергерлердің жұмысы бар. Бірақ ломбардқа өткізгенде қай елден алсаңыз да алтынның бағасы бірдей өтеді.
Алтынды тексерудің бір жолы бар.
Бізде сынама палата бар. Заң бойынша Қазақстанда жасалған бұйымның бәрінде сертификат болуы керек. Сынама палатасы тексеріс жүргізіп, барыстың басын белгі ретінде басады. 20 грамдық алқа болса, тексерген адамның аты-жөні, квитанциясы беріліп, сатылуы керек, - дейді зергер.
Алайда қазір барыстың басын да қолдан жасайтындар шығып жатқан көрінеді.
Базардағы сатушылардың атына кір келтіргім келіп тұрған жоқ. Бірақ олар зергер емес. Олар зауыттан келген затты ғана сатады. Алтын алған кезде чек сұрағаныңыз абзал.Заң бойынша алтын сатушыда барыстың басы бейнеленген сынама (проба) болуы керек, сынама палатасынан өтіп, сертификаты болуы керек. Алтынның заттаңбасына (этикеткасы) қатты назар аудармау керек, себебі оны қолдан жасай салады, - деп түйіндеді зергер.
Қазір қайсысы тиімді?
Ал сарапшы Данияр Темірбаев айтуынша, инвестицияның қыр-сырын терең білмейтін азаматтар үшін қазіргі жағдайда теңгелік депозит анағұрлым тиімді.
Инвестицияның қыр-сырын терең білмейтін адамға қазіргі жоғары мөлшерлеме кезеңінде теңгелік депозит ұсынар едім, – деді ол.
Оның сөзінше, долларлық депозиттер бойынша сыйақы көлемі төмен, шамамен жылына 1 пайыз ғана.
Доллар сатып алу валюталық салымдардағы төмен сыйақыны білдіреді. Ал физикалық алтын сақтау орнын қажет етеді әрі пайыздық табыс әкелмейді, – деді Темірбаев.
Әр активтің тәуекелі қандай?
Сарапшы теңгелік депозиттердегі тәуекел салымдарға кепілдік беру шегімен шектелетінін айтты.
Доллар бағамы үнемі өсе бермейді. Өздеріңіз байқап жүргендей, ол кейде төмендейді, – деді ол.
Ал алтын бағасы ұзақ мерзімде өсетін актив болғанымен, кей кезеңдерде ұзақ уақыт құлдырауы мүмкін.
Сары металл орталық банктердің саясатына қатты тәуелді, – деп түсіндірді сарапшы.
Үш жылға дейінгі мерзімде не таңдаған жөн?
Егер қаражатты үш жылға дейін сақтауды жоспарласаңыз, маман теңгелік депозитті ұсынады.
Егер инвестиция мерзімі үш жылға дейін болса, мөлшерлемелер жоғары тұрған кезде теңгелік депозитті таңдар едім, – деді ол.
Темірбаев бұл кеңес күрделі қаржы құралдарын пайдаланбайтын қарапайым азаматтарға арналғанын атап өтті.
Инфляция мен доллар бағамы қаншалықты әсер етеді?
Сарапшы инфляция табысты азайтатын басты фактор екенін айтты.
Инфляция біздің табысымызды жеп қояды. Сондықтан қаржы нарығында номиналды емес, нақты табыстылық маңызды, – деді ол.
Оның айтуынша, валюта бағамы Қазақстанға келетін импорттық тауарлардың бағасына тікелей әсер етеді.
Валюта бағамы өскен сайын импорттық тауарлардың да бағасы көтеріледі. Ішкі өндірісі әлсіз шикізаттық экономика үшін бұл өте маңызды фактор, – деді Темірбаев.
Қарапайым адамға кеңес
Сарапшы негізгі шығыны теңгемен болатын азаматтарға валюта бағамының ауытқуына тым әуестенбеуге кеңес берді.
Бағам қозғалысын дәл болжау мүмкін емес, ал валюта нарығында ұтылып қалу оңай, – деді ол.
Оның сөзінше, валютаны шетел валютасындағы қарыздары немесе міндеттемелері бар адамдар ғана алғаны жөн. Әсіресе бағам төмендеген кезде сатып алу тиімді болуы мүмкін.
Қазіргі төмен мөлшерлеме жағдайында доллар мен еуро – жинақ құралы емес, есеп айырысу валютасы, – деді сарапшы.
Сарапшы өзі не істер еді?
Темірбаев жеке өзі инвестицияда әртараптандыру қағидатын ұстанатынын айтты.
Мен долларды оның бағамы қатты түскен кезде сатып аламын. Бірақ мен қарапайым адам емеспін. Бұл доллармен не істеу керегін, қандай валюталық қаржы құралдарына салу қажет екенін, портфельді қалай құруды білемін, – деп түйіндеді ол.