Алтын дән мен сары күнбағыс: Биылғы егіннен не күтеміз?

Зеренді ауданындағы алқаптарда алтын дән мен сары күнбағыс жайқалып тұр. Ауыл шаруашылығы мамандары биыл өнім жақсы болатынын айтып отыр. Алдағы бірнеше күнде өнімді жинау науқаны басталады.

BAQ.KZ тілшісі Ақмола облысының Зеренді ауданына арнайы барып, жергілікті диқандардың егін орағымен танысты.

Бидайдан қант қызылшасына дейін...

Ең алдымен Зеренді ауданындағы "Викторовское" ЖШС-нің егістік алқаптарын араладық.

Бұл шаруа қожалығы 23,6 мың гектар жерді өңдейді, оның ішінде 17,8 мың гектары — егістік, 6,8 мың гектары — жайылым. Шаруа қожалығы иесінің айтуынша, алқаптарда бидай, арпа, сұлы, бұршақ, зығыр, рапс және мал азығына арналған шөп түрлері өсіріледі. Шаруашылық заманауи техника паркімен, астық кептіргіш қондырғымен және толық механикаландырылған токпен жабдықталған. Тіпті өздерінің наубайханасы да бар. Егін науқаны кезінде мұнда 200-ге жуық адам еңбек етеді, ал тұрақты түрде 150-дей адам жұмыс істейді.

Қожалық директоры Виталий Гончаров биыл алғаш рет сынақ ретінде қант қызылшасын өсіргендерін айтты.

Біз Қазақстанның астық консорциумына қараймыз. Холдинг құрылымында 50 гектар жерде қант қызылшасын өсіру туралы пилоттық жоба жасау шешімі қабылданды. Сол үшін біздің шаруашылық таңдалды, – дейді Гончаров.

Оның айтуынша, қант қызылшасын өсіру технологиясы астық дақылдарымен бірдей.

Егу, химиялық өңдеу, жинау – бәрі бірдей. Тек дән себу мен жинайтын комбайн басқа болды. Қызылшаны богарлы жерге септік. Гектарынан 30 тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Егер қайта өңдеу зауыты салынса, бұл бағытты дамытуға болады. Қазір зауыт жоқ, бірақ инвестор тарту жоспары бар. Басында өсімдік өте нәзік болғандықтан, ерекше назар аудару қажет. Жапырақтар толық жабылғанша арамшөппен күресу керек болды. Сол үшін төрт рет химиялық өңдеу жүргіздік. Бұл бидайға қарағанда көбірек күтім мен өңдеу талап етеді. Былтыр бізде дәнді дақылдардан орта есеппен гектарына 30 центнер өнім алдық. Нұт бұршағы – 18-20 центнер болды. Біздің егіс құрылымымыздың 20%-ын бұршақ дақылдары құрайды – нұт, бұршақ. Биыл тек нұт ектік, келесі жылы бұршақ пен нұт болады, – дейді жоба жетекшісі.

Виталий Гончаровтің айтуынша, тағы 20%-ын майлы дақылдар – күнбағыс пен зығыр құрайды. Қалған егіс алқабы дәнді дақылдарға – арпа мен бидайға тиесілі. Қазір көбірек екпін бұршақ және майлы дақылдарға беріліп жатыр.

Ол мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отырғанын айтып, Үкіметтің бағдарламаларының тиімді екенін жеткізді.

Біз ауылымызға көмек көрсетіп отырсақ, мемлекет бізге де қолдау жасап отыр. Қаржылай жеңілдетілген несие беру бойынша “Кең дала-2” бағдарламасына қатысамыз. Биыл екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Жыл сайын форвардтық сатып алу бағдарламасының қатысушысымыз. Сонымен бірге жеңілдетілген дизель отынын, техника сатып алуға жеңілдетілген несиелерді пайдаланамыз, – дейді Виталий Гончаров.

Ол мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне тоқталды.

Барлық қолданыстағы бағдарламаларды пайдаланамыз. Үкіметке мұндай бағдарламалар үшін және қаражаттың уақытылы бөлінгені үшін үлкен алғыс айтамын. Соның арқасында біз жақсы өнім аламыз, ауылда тұрақтылық сақталады, тұрғындарымыз жұмысқа ие болады, - деп айтты шаруа қожалығы иесі.

Зеренді егін оруға дайын

Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Асхат Ахмедиянов қант қызылшасын өсіру бойынша инвестормен келіссөз жүргізіліп жатқанын және учаске белгіленгенін атап өтті.

Егер инвестормен қаржы мәселесі шешілсе, үлкен қант зауытын салу жоспары бар. Оның қуаты – шамамен жылына 1 млн тонна. Қазір келіссөз жүргізіліп жатыр. Қант өңдеу зауытын салу үшін шикізат керек. Сол үшін биыл 50 мың гектар жерге қант қызылшасын егіп көрдік. Өнім жаман емес. Бір гектардан шамамен 30 тонна қызылша жинап аламыз деп отырмыз, - деп айтты әкімдік өкілі.

Ал «Журавлевка-1» ЖШС өңірдегі ең ірі шаруашылықтардың бірі. Мұнда 132 мың гектар бар. Шаруа қожалығы дәнді, майлы, бұршақ дақылдары, картоп және көкөніс өсірумен айналысады.

Кәсіпорын басшысы Қуантай Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылық машина-трактор паркінің 90%-ын жаңарта алған.

Бізде 64 жаңа комбайн бар. «Кең дала» бағдарламасы бойынша 6 млрд теңгеден астам қаражат алдық, тыңайтқыш, жанар-жағармай және техника сатып алдық. Бұл тікелей өнімділіктің артуына әсер етті. Биыл гектарына 23 центнер алуды жоспарлап отырмыз, былтыр 18 центнер болды. Қазір бізде 537 адам жұмыс істейді. Осы аптада жинауды бастаймыз, — деді ол.

Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер басқармасы басшысының орынбасары Ренат Қасенов өңірдің егін оруға дайындығы жайлы айтып берді.

Ауданда егін жинау аумағы 5,3 млн гектар, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 268 мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар — 4,7 млн га, майлы дақылдар — 495,4 мың га, картоп — 8,7 мың га, көкөніс — 1,4 мың га. Биыл қолайлы ауа райы мен уақытылы агротехникалық шаралар уақытында жасалғандықтан дәнді-дақылдардың 80%-ы жақсы өсті. Майлы дақылдардың 77%-ы жақсы. Үкімет өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласына түрлі бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіп отыр. 4,2 млн гектарда химиялық арамшөпке қарсы өңдеу аяқталды, 273 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Мұның бәрі көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие беру бағдарламаларының арқасында мүмкін болды. Биыл 905 фермер 116 млрд теңгеден астам қолдау алды, — деді ол.

Оның сөзінше, шаруалар егін ору науқанына 100% дайын. Ақмола облысында 66 астық сақтау қоймасы бар. Бұл қоймаларға 7 млн тоннаға дейін астық сыяды. Облыс былтыр 6,6 млн тонна астық алған. Биыл да осы көлемде астық жиналуы мүмкін.

Лизинг бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 723 техника сатып алынды. Ол былтырмен салыстырғанда екі есе көп. Жанар-жағармай жеңілдетілген сомамен келді. Қазіргі таңда шаруаларға жеңілдетілген дизель отыны литріне 254 теңгеден беріліп жатыр. Ал жанармай құю бекеттерінде ол 313 теңгеден, - дейді Ренат Қасенов.

Ақмола облысының агрокешен саласында 8 мыңнан астам кәсіпкер бар. 

АШМ стратегия департаменті директорының орынбасары Арайлым Әлімбекованың айтуынша, биыл аграршыларға жеңілдетілген несиеге шамамен 700 млрд теңге бөлінген, бұл он жыл бұрынғыдан 10 есе көп.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары агроөнеркәсіп саласын қолдауға ерекше назар аударылып отыр. Биыл салаға 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие бөлінді. Мысалы, 2014 жыл 70 млрд теңге бөлінсе, биыл 10 есе көп сома бөлініп отыр. Оған қоса, жеңілдетілген лизингке 250 млрд теңге бөлінді. Бұл шаралар егіс жұмыстарын дер кезінде жүргізуге енгізуге мүмкіндік береді, - деп айтты Арайлым Әлімбекова.

Оның сөзінше, субсидиядан жеңілдетілген несиеге ауысу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда салада бірнеше бағдарлама бар. Оның ішінде егін жұмыстарына жеңілдетілген несие беру, мал шаруашылығын дамыту мақсатында да бағдарлама іске қосылды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаменті басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, биылғы егін орағына 38 мың комбайн, 138 мың трактор және 50 мың орақ дайын тұр.

Литрі 274 теңгеден 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, бұл нарықтағы бағадан шамамен 20%-ға төмен. Өткен жылдан бері ауқымды жеңілдетілген техника лизингі бағдарламасы жүзеге асуда, оған деген қызығушылық айтарлықтай өсіп келеді. Бөлінген 250 миллиард теңгенің жартысы қазірдің өзінде игерілді, – деді ол.

Зеренді ауданында 36 мың адам тұрады. Ол Ақмола облысы бойынша ең үлкен аудан саналады. Себебі мұнда 79 ауыл бар. Жергілікті халық көбіне мал шаруашылығымен, егін егумен айналысады. Өңірде 600-ден астам шаруа қожалығы бар. 200-ден аса егінмен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктес бар. Сондай-ақ халық туризм бағытында да жұмыс істейді.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау аумағы 23,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16 млн гектар — дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Тамыз айының басында елде 880 мың гектар жиналып, 1,2 млн тонна астық бастырылды. Солтүстік өңірлерде жаппай жинау тамыздың ортасында басталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы