«Алтын белгі» үміткерлері үшін талаптар күшейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясының пленарлық сессиясында хабарлады. Оның айтуынша, аталған белгінің иегері атануға үміткерлерге талаптар әрі қарай күшейтіле түспек.

Министр талаптардың өзгеруі жыл сайын сатылап кезең-кезеңмен өзгертіліп жатқанын алға тартты.

Біз мұны жыл сайын сатылап кезең-кезеңмен өзгертіп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, алдыңғы жылы да бұл мәселені көтердік. Біраз өзгеріс енгіздік. Биыл – екінші кезең. Екінші кезең дегеніміз – жылдық бес бағамен қатар, үміткерлердің 5-11 сыныптардағы баға барлық тоқсандық бағада 5 болуы керек деген қағида енгізіледі, - деді ведомство басшысы. 

Сондай-ақ ол тек бестік деген баға алған оқушылардың ғана «Алтын белгіге» ұсынылуы туралы қағиданы өте маңызды деп санайтынын айтты. 

Өз басым бұл өте маңызды қағида деп санаймын. Сол үшін осы шешімді қабылдап отырмыз. Түлектер үшін емтиханды тәуелсіз ұйым өткізетін болады. Бұл реформа оң нәтижесін береді деп сенемін, - дейді Білім және ғылым министрі. 

Естеріңізге сала кетейік, жаңа оқу жылында мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі енгізіліп, қыркүйектен бастап педагогтерді жұмысқа қабылдау жүйесі өзгеретіні туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы