14 Тамыз 2026, 12:32 Фото: threads.com/@ersheevaa

"Алтын белгі" дауы аяқталды: Маңғыстаулық түлек марапатын алды

Үміт Ершеева 11 жыл бойы үздік оқығанын айтып, «Алтын белгіге» ұсынылмағанына байланысты әлеуметтік желіде мәселе көтерген еді.

Маңғыстаулық мектеп түлегі Үміт Ершеева көпшілік назарын аударған даулы жағдайдан кейін «Алтын белгісін» алды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Құттықтап қойыңыздар. Бастаған ісімді соңына дейін жеткіздім! – деп жазды Үміт.

Оқиға қалай болды?

Бұған дейін түлек 11 жыл бойы үздік оқығанына қарамастан, «Алтын белгіге» ұсынылмағанын айтып, Threads желісінде жазба жариялаған еді. Оның жазбасы 12 мыңнан астам лайк, мыңға жуық пікір және 240 репост жинап, көпшіліктің назарын аударды.

Үміттің айтуынша, ол өзін «Алтын белгіге» ұсынбағанын 18 маусымда білген. Соңында оған қызыл аттестат табысталған. Осыдан кейін ол аудандық білім бөліміне жүгініп, мәселені көтерген.

Оқиғаға байланысты Маңғыстау аудандық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, түлектің 5-11 сыныптар аралығындағы құжаттарының талаптарға сәйкестігін тексерген. Комиссия қорытындысында Үміт Ершееваға «Алтын белгі» беру туралы шешім қабылданды.

Бұл мәселе түлектің жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігіне де әсер етуі мүмкін еді. Үміт Алматыдағы «Тұран» университетінде төрт жыл тегін оқу мүмкіндігін конкурс арқылы жеңіп алғанын, алайда грант талаптарында «Алтын белгі» расталуы қажет екенін айтқан.

Кейін Маңғыстау облысының білім басқармасы түлектің өтініші толық қанағаттандырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылатынын хабарлаған.

Ал бүгін Үміт көптен күткен «Алтын белгісін» қолына алғанын жариялап, оқиғаның нүктесін қойды.

Еске салсақ, бұған дейін 11 жыл бойы өте үздік оқыған түлек Үміт Ершеева «Алтын белгісіз» қалғанын жаздық.