Алтын бағасы неге құбылып тұр: Доллар, ФРЖ және геосаясат не дейді
Сарапшылар әлемдік нарықтағы өзгерістердің алтын бағасына, Қазақстан резервтеріне және азаматтардың жинағына ықпалын түсіндірді.
Соңғы уақытта алтын бағасының төмендеуіне бірқатар нарықтық фактор әсер етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, оның ішінде АҚШ-тағы ақша-несие саясаты, инфляция, жұмыспен қамту көрсеткіштері, әскери қақтығыстар және доллардың динамикасы маңызды рөл атқарады. Қазақстан үшін бұл мәселенің тағы бір ерекшелігі бар – ішкі нарықтағы алтын бағасына әлемдік баға ғана емес, теңгенің долларға қатысты бағамы да әсер етеді. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Алтын бағасына не әсер етіп отыр?
Экономист, R-Finance қаржы талдаушысы Арман Байғановтың айтуынша, қазіргі алтын бағасына жалпы нарықтағы көрсеткіштер әсер етіп отыр. Оның ішінде жұмыспен қамту деңгейі де маңызды факторлардың бірі.
Қазіргі болжам бойынша, Федералдық резерв жүйесі алдағы отырыстардың бірінде базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін. Осыған байланысты мұнайдың да, алтынның да бағасына әсер ететін факторлар бар. Қазір алтынның құны төмендеп отыр, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, жұмыспен қамту деңгейіндегі жағдай да әзірге аздап кері бағытта өзгеріп келеді. Дегенмен бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін.
Бұл уақытша төмендеу болуы мүмкін. Ал болашақта белгілі бір түзетулерден кейін алтын бағасының қайта өсуі ықтимал, – дейді Арман Байғанов.
Сарапшы алтын бағасының әрі қарайғы қозғалысы әскери қақтығыстарға да байланысты екенін атап өтті. Егер әлемдегі әскери қақтығыстар жалғаса берсе, алтынға сұраныс қайта артуы мүмкін.
Егер әскери қақтығыстар әрі қарай жалғасатын болса, алтынның құны тағы да жоғарылауы мүмкін. Барлығы осы факторларға байланысты, – дейді ол.
Қазақстанда алтын бағасы неге әлемдік нарықпен бірдей өзгермейді?
Экономист, қаржыгер Бауыржан Ысқақ Қазақстандағы алтын бағасына негізінен екі фактор әсер ететінін түсіндірді. Оның біріншісі – әлемдік нарықтағы алтынның доллармен көрсетілген бағасы. Екіншісі – доллардың теңгеге қатысты бағамы.
Яғни әлемдік нарықта алтын арзандаған жағдайда бұл Қазақстандағы алтын бағасына да төмендеу бағытында қысым жасайды. Бірақ сол уақытта теңге әлсіресе, ішкі нарықтағы сатып алушы әлемдік бағаның төмендеуін толық сезінбеуі мүмкін.
Мысалы, әлемдік нарықта алтын 5 пайызға арзандап, дәл сол уақытта теңге долларға шаққанда 5 пайызға әлсіресе, Қазақстандағы алтынның теңгемен есептелетін бағасы айтарлықтай өзгермеуі ықтимал.
Сондықтан Бауыржан Ысқақтың айтуынша, алтын бағасын теңгемен бағалағанда әлемдік бағаға ғана емес, валюта бағамына да назар аудару қажет.
Алтынды қазір сатып алған дұрыс па?
Алтынның инвестициялық актив ретіндегі тартымдылығына қатысты сарапшылардың пікірі де бір мәселеге келіп тіреледі – адамның мақсаты мен инвестиция мерзімі.
Бауыржан Ысқақтың айтуынша, алтынды ұзақ мерзімге жинақ құралы ретінде және тәуекелдерді әртараптандыру үшін алған адам үшін оның қысқа мерзімді арзандауы міндетті түрде үлкен проблема емес.
Ал егер адам алтынды сатып алғаннан кейін оның бағасы түсіп кетсе және дәл сол сәтте сатуға мәжбүр болса, шығынға ұшырауы мүмкін.
Мұнда тағы бір тәуекел бар. Ол – алтынды сатып алу және сату бағаларының айырмашылығы.
Егер адамға ақшасы шұғыл қажет болып, алтынды қолайсыз бағамен сатуға тура келсе, бұл да шығынға әкелуі мүмкін, – дейді сарапшы.
Сондықтан ол азаматтар арасында кездесетін «алтын ешқашан арзандамайды» деген түсініктің дұрыс еместігін атап өтті.
Алтын да нарықтық актив. Оның бағасы да өседі, төмендейді. Халық алтынды депозиттің немесе басқа қаржы құралдарының толық баламасы ретінде емес, жинақты әртараптандырудың бір элементі ретінде қарастырғаны дұрыс. Барлық ақшаны бір ғана активке орналастыру – тәуекел, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Ал Арман Байғанов қазіргі жағдайда қандай да бір актив сатып алудың тәуекелі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, алтын бағасы қатты өскеннен кейін белгілі бір коррекцияның болуы заңды.
Мұның барлығы саясатқа және Федералдық резерв жүйесінің шешімдеріне байланысты, – дейді сарапшы.
Оның болжамынша, инфляция деңгейі әлі де айтарлықтай жоғары болып тұр. Бұл алтын бағасының өсуіне белгілі бір деңгейде кедергі келтіреді.
Менің ойымша, базалық мөлшерлеменің көтерілуі мүмкін екенін ескерсек, қысқа мерзімді перспективада, яғни алдағы бір ай шамасында, алтын бағасы айтарлықтай өседі деп күтуге болмайды, – дейді Арман Байғанов.
Сонымен қатар ол АҚШ-тағы жұмыспен қамту көрсеткіштерін де маңызды фактор деп санайды.
ФРЖ мөлшерлемесі мен облигациялар алтынға қалай әсер етеді?
Экономист, сарапшы Айбар Олжай алтын бағасының төмендеуіне әсер етіп отырған негізгі үрдістердің бірі АҚШ Федералдық резерв жүйесінің базалық мөлшерлемесіне қатысты саясат екенін айтты.
Егер ФРЖ мөлшерлемені көтерсе, АҚШ мемлекеттік облигацияларының кірістілігі де өседі. Мұндай жағдайда инвесторлардың бір бөлігі алтыннан шығып, облигацияларға ауыса бастайды.
Яғни инвесторлар алтыннан алған табысын бекітіп, қаражатын долларлық активтерге, соның ішінде АҚШ мемлекеттік облигацияларына бағыттайды.
Қазір нарықта АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары – трежерилердің – тартымдылығы артып келеді. Жаңа облигациялар жоғары мөлшерлемемен нарыққа шығарылған кезде инвесторлар үшін олардың қызығушылығы да жоғары болады, – дейді Айбар Олжай.
Оның айтуынша, осының нәтижесінде алтынға бағытталған қаражаттың бір бөлігі облигациялар нарығына ауысып, алтын бағасының коррекцияға ұшырауына әсер етеді.
Алтын бағасының төмендеуі Қазақстан резервтеріне қалай әсер етеді?
Айбар Олжайдың айтуынша, алтын бағасының өзгеруі Қазақстанның халықаралық резервтерінің қайта бағалануына тікелей әсер етеді.
Бұл ретте алтынның физикалық көлемі азайып жатыр деген сөз емес. Халықаралық резервтер динамикалық түрде қайта есептеледі, ал алтынның белгілі бір құны резервтердің балансына енгізіледі.
Егер алтынның бағасы төмендесе, Қазақстанның халықаралық резервтерінің доллармен есептелетін құны да азаяды, – дейді сарапшы.
Ол мұны мысал арқылы түсіндірді. Қазіргі таңда резерв құрамындағы алтынның құны шамамен 53 миллиард доллар деп бағаланса, алтын бағасы төмендеген жағдайда бұл көрсеткіш қайта есептеліп, 52 миллиард долларға дейін түсуі мүмкін.
Яғни алтын бағасының өзгеруі халықаралық резервтердің жалпы көлеміне әсер етеді. Керісінше, алтын қымбаттаған жағдайда резервтердің құны да өседі.
Айбар Олжайдың айтуынша, қазір Қазақстанның халықаралық резервтеріндегі монетарлық алтынның үлесі 70 пайыздан асады. Сондықтан әлемдік алтын бағасы резервтердің бағалануына әсер ететін маңызды фактор болып отыр.
Қазақстан экономикасына әсері қандай?
Бауыржан Ысқақ алтын бағасының төмендеуінің Қазақстан экономикасына ықпалын үш бағыт бойынша қарастыру қажет деп санайды.
Біріншісі – Ұлттық банктің резервтері. Қазақстанның халықаралық резервтерінің едәуір бөлігін алтын құрайтындықтан, әлемдік алтын бағасының төмендеуі резервтердің доллармен есептелетін нарықтық құнына қысым жасауы мүмкін.
Алайда бұл бірден ақша жоғалды дегенді білдірмейді.
Егер Ұлттық банк алтынды сатпаса, бұл көбіне бағалау әсері болып қалады, – дейді сарапшы.
Екінші бағыт – алтын өндіруші компаниялар. Алтын бағасының төмендеуі олардың экспорттық түсіміне әсер етуі мүмкін. Егер баға ұзақ уақыт бойы төмен деңгейде сақталса, өндірушілердің табыстылығына және инвестициялық жоспарларына қысым артады.
Үшінші бағыт – қаржы нарығы. Алтынмен байланысты инвестициялық құралдардың тартымдылығы төмендеуі ықтимал.
Дегенмен сарапшы алтын бағасының төмендеуі Қазақстан экономикасында автоматты түрде үлкен дағдарыс болады дегенді білдірмейтінін атап өтті. Оның әсерін мұнай бағасы, теңге бағамы, инфляция, пайыздық мөлшерлемелер және жалпы әлемдік экономикалық жағдаймен бірге қарастыру қажет.
Алтынның ұзақ мерзімді перспективасы қандай?
Арман Байғановтың пікірінше, алтынның бағасы бұрынғыдай жылдам қарқынмен өспеуі мүмкін. Бірақ оның әлемдік валюталарға балама актив ретіндегі рөлі сақталады.
Сарапшы американдық валютаның сатып алу қабілеті біртіндеп төмендеп келе жатқанын ескеру қажет екенін айтты. Осы тұрғыдан алғанда алтын әлемдік валюталарға балама актив ретінде қарастырылады.
Ол геосаяси тәуекелдерден қорғану құралы болып қала береді. Алтын әлемдік резервтер құрамында да маңызды актив саналады. Сауда соғыстары мен тарифтік саясатқа қатысты өзгерістер сияқты жағдайлар жиілеген кезде алтынға деген сұраныс сақталуы мүмкін. Ол геосаяси және қаржылық тәуекелдерден қорғану құралы ретінде әрдайым қажет болады, – дейді сарапшы.
Ал Айбар Олжай Қазақстан үшін алтын бағасының қысқа мерзімді өзгерісіне байланысты қатты алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты. Қазақстанның өзінде алтын өндіріліп, аффинаждалады. Алтын өндіретін компаниялар өндірілген металды аффинаждап, мемлекетке өткізеді.
Сондықтан Қазақстан үшін алтын бағасының төмендеуі белгілі бір деңгейде резервтердің қайта бағалануына әсер еткенімен, біз физикалық алтын қорымыздың азайып жатқанын айтып отырған жоқпыз, – дейді ол.
Сарапшы қажет болған жағдайда алтынның физикалық көлемін арттыру арқылы оның құнын толықтыруға мүмкіндік бар екенін де атап өтті. Ескеретін жайт, Қазақстан үшін ең маңыздысы – әлемдік алтын бағасы мен халықаралық резервтердің жалпы динамикасын бақылау.