Алтын бағасы алғаш рет 5000 доллардан асты
Алтын бағасы дүйсенбі күні тарихта алғаш рет бір унциясы үшін 5000 доллар межеден асып, геосаяси және экономикалық белгісіздік жағдайында қорғаныш активтеріне сұраныстың артуы аясында қарқынды өсімін жалғастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Алтынның спот бағасы 1,98 пайызға өсіп, бір унциясы 5081,18 долларға жетті, ал сауда барысында рекордтық 5092,71 доллар деңгейіне дейін көтерілді. АҚШ-та ақпан айында жеткізілетін алтын фьючерстері 2,01 пайызға қымбаттап, бір унциясы 5079,30 доллар болды.
2025 жылы бағалы металлдың құны 64 пайызға артты. Бұл өсім инвесторлар тарапынан тұрақты сұранысқа, АҚШ-тағы ақша-несие саясатының жұмсаруына, орталық банктердің белсенді сатып алуларына және биржалық қорларға рекордтық қаржы ағынына байланысты болды. Тек биылғы жылдың басынан бері бағалар 17 пайыздан астам өсті.
Capital.com компаниясының аға нарықтық талдаушысы Кайл Родданың айтуынша, өсімнің кезекті катализаторы – АҚШ әкімшілігіне және америкалық активтерге деген сенімнің нақты дағдарысы. Бұл жағдай президент Дональд Трамптың бірқатар қайшылықты шешімдерінен туындаған.
Өткен аптада Трамп Гренландия мәселесі бойынша қысым көрсету құралы ретінде еуропалық одақтастарға кедендік баж салығын енгізу туралы қоқан-лоққыдан бас тартты. Алайда кейін Қытаймен сауда келісімі жасалған жағдайда Канадаға 100 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол француз шараптары мен шампандарына 200 пайыздық баж салығын салумен де қорқытты.
Алтын нарығына қосымша қолдау жапон иенасының нығаюы аясында доллардың әлсіреуі және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің отырысына қатысты күтулер әсер етті. Доллардың әлсіреуі өзге валюталарды пайдаланатын инвесторлар үшін алтынды қолжетімді етеді.
Сарапшылар бағалы металдар бағасының одан әрі өсуін күтуде. Metals Focus компаниясының директоры Филип Ньюманның болжамынша, қысқа мерзімді түзетулер болуы мүмкін екеніне қарамастан, алтын жылдың соңына қарай бір унциясы үшін шамамен 5500 доллар деңгейіндегі шарықтау шегіне жетуі ықтимал.
Оның аясында өзге де бағалы металдар қымбаттады. Күміс 5,79 пайызға өсіп, бір унциясы 108,91 долларға жетті, бұған дейін тарихи максимум 109,44 долларды жаңартқан. Платина 3,77 пайызға қымбаттап, бір унциясы 2871,40 доллар болды, ал палладий 3,2 пайызға өсіп, 2075,30 долларға жетіп, соңғы үш жылдан астам уақыттағы ең жоғары көрсеткішті көрсетті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан алтын резервтерінің өсімі бойынша әлемде 6-орынға шықты.