Алтын көрсе мұнай жолдан таяды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бір жылдың ішінде алтынның бағасы 50 пайызға қымбаттаса, осы жылдың басынан бері 20% өскен. Соңғы наурыз, сәуір айында алтынға деген сұраныстың қатты артқанын байқаймыз. Бұл туралы GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық сұхбаттасу барысында айтты.

Оның айтуынша, алтын ұзақ жылдан бері өз құнын жоғалтпай келе жатқан қымбат металл. Ақшаны қорландырып және оны көбейту жолында дәл алтынның рөлі ерекше. Бір қызығы ол көп табыс алып келмейді. Инвесторлар тарапынан да алтынға көп ақша салынбайды екен.

Алтынның ерекшелігі оның тұрақтылығында, бағасын да жоғалтпайды. Яғни оның тұрақтылығы арқылы өз ақшаңызды сақтаудың ең тиімді инструменті. Тағы бір қызығы қор нарығы, компаниялардың акциялары және мұнай бағасы сынды инструменттерге алтынның бағасы кері пропорциямен жүреді. Яғни мұнай арзандап, құнды қағаздар нарығында олар бағасын жоғалтып жатқан кезде алтын керісінше қымбаттайды. Қор нарығында инвестордың пакеті деген ұғым бар, сол пакетте инвестор қолындағы қаражатын түрлендіріп, жан-жақты инстурменттерге салып отырады. Оның ішінде міндетті түрде алтынды да ұстайды. Өйткені басқа заттардың құны түсіп кеткенде алтын керісінше қымбаттайды. Яғни, барлығы арзандап, оларға сенім жоғала бастағанда алтын нығая бастайды. Осы жағынан келгенде алтынның рөлі ерекше,-дейді сарапшы.

Осы жылдың басынан бері әлемдік нарықта алтынға деген сұраныс күрт артқан. 22 сәуірдегі жағдай бойынша алтынның 1 ункциясының құны 1 мың 728,1 долларды құрайды. Ұлттық Банк тарифі бойынша 1 грамм алтынның бағасы 23 333 теңге.

Бір жылдың ішінде алтынның бағасы 50 пайызға қымбаттаса, осы жылдың басынан бері 20% өскен. Соңғы наурыз, сәуір айында алтынға деген сұраныстың қатты артқанын байқаймыз. Оған себеп Қытайда коронавирус пайда болып, оның арты әлемдік пандемияға ұласты. Осыдан кейін әлемдегі инвесторлар жан-жағына қарап ойлана бастады. Жапонияның Қор биржасына қарасақ бәрі құлап жатыр, сондай-ақ олардың Орталық банкі базалық пайыз мөлшерлемесін 0% деңгейіне түсіріп тастады. Бұл дегеніңіз демек Жапонияның валютасына сенім жоқ екенін көрсетеді, құнсызданып кетуі мүмкін дегенді білдіреді. Демек Азиядан капитал ағыны кетті, Еуропаның да Орталық банкінен ақша ағымы кетіп жатыр. Америка да коронавируспен орын алған дағдарыспен күресу мақсатында жақында базалық пайыз мөлшерлемесін түсірді. Көрдіңіз бе барлық жақтан сенім жоқ, қай елдің Орталық банкі базалық мөлшерлеме пайызын түсірсе, сол елдің құнды қағаздарының пайызы түсіп кетеді. Нәтижесінде табыстылық жоқ. Енді қайда бару керек, ақшаны сақтап қалу керек қой, оның бірден бір жолы осы алтынға инвестициялау. Өйткені сан ғасырдан бері өз құнын сақтай білетін қабілетінің бар екенін дәлелдеген жалғыз инстурмент ол алтын. Сол үшін де қазір алтын қымбаттап жатыр,-дейді экономист.

Сарапшы сөз арасында елімізде де дедолларизация саясаты жүріп жатқанын, соған байланысты соңғы жылдары Ұлттық Банк алтын резерв қорының көп бөлігін алтынға ауыстырғанын айтты.

Қазіргі таңда алтын қоры бойынша Қазақстан әлемдегі алғашқы 15 мемлекеттің ішіне кіреді. Бұның өзі үлкен көрсеткіш. Ертең қандайда бір жағдайлар болып, доллар әлемдік валюта ретінде өзінің позициясын жоғалып, құны түсіп кетіп жатса онда алтын қоры біздің резерв қорымызды белгілі дәрежеде сақтап қалады. Сондықтан Ұлттық Банк кейінгі жылдары алтынды көптеп сатып алып, алтын қорын ұлғайтып жатқан жайы бар,-деді ол.

Сонымен қатар, ол әлемдік нарықтағы мұнай бағасының түсіп жатқанына қатысты ойын білдірді.

Осы аптада АҚШ-тың WTI мұнайы мүлдем минус көрсеткішіне дейін құлап, қайта көтерілді. Кейін Трамп біздің әлі де резервіміз бар, 75 млн барелль мұнай сақтайтын мүмкіндігіміз бар, деп мәлімдеме жасады. Содан кейін барып қана ол мұнайдың бағасы бастапқы құнына жақындады. Қазір көп жерде өндірушілер қоймаларын мұнайға толтырып қойды, тіптен құбырларға дейін толған көрінеді. Мұның барлығы әлемде мұнай қорының артығымен бар екенін көрсетеді. Бұл әсіресе мұнай компаниялары үшін қиын жағдай. Өйткені олар мұнай өндірісін тоқтатып қоя алмайды, мұнай тереңнен шығатындықтан оны кейін қайта іске қосу үшін компания үлкен шығындарға ұшырауы мүмкін. Сондықтан олар мұнай көлемін тек қысқартумен ғана шектеліп отырған жайы бар,-дейді ол.

Сондай-ақ ол, мұнай бағасының түсіп кетуіне қазіргі пандемия жағдайы да әсер етіп отырғанын жеткізді.

Оның үстіне әлемде көптеген кәсіпорындар, ұшақтардың ұшуы тоқтағандықтан мұнайға деген сұраныс түсіп кетті. Мұнайдың бір сорты арзандағанымен оның салдары басқа сорттарына да әсер етпей тұрмайды. Қазір Уралс маркалы мұнай бағасының түсе бастағанын көріп отырмыз. Біздің мұнайдың сапасы да Ресейдің Уралс маркасына сай келеді. Оның арты Қазақстанның теңгесіне, экономикасына кері әсер етеді. Бірақ алдағы уақытта мұнай бағасы шамамен 30 доллардың маңайында болады деп болжанып отыр,-дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мұнайлы елдер мұнай өндіру көлемін төмендету бойынша бір келісімге келе алмай отырған көрінеді. Сондықтан да мұнай бағасы құбылып тұр.

OPEC+ елдерінде 23 мемлекет бар. Олар мұнай өндіру көлемін төмендету бойынша өзара келісімге келді, оған Қазақстан да қол қойды. Тек Мексика ғана қарсы шықты. Себебі ол елдің мұнай нарығындағы бағалардың ауытқуынан болатын тәуекелдерден сақтану үшін Азияның пут опциондарын алып қойған екен. Пут опцион дегеніміз - баға тәуекелін жоғалту мақсатында жасалатын келісімшарт. Оның негізінде 1 млрд доллар қаржы салған. Егер Мексиканың келісімшарты бойынша мұнай бағасы желтоқсан айына дейін 45 доллардан аспаса бұл ел жыл соңында 6 млрд доллар табыс табады екен. Сол үшін де олар мұнайлы елдердің ішінде мұнай бағасының өсуіне қарсы ойнап отырған ойыншы. Ондай ойыншылар бар кезде әрине баға тұрақсыз болады. Сонымен қатар, OPEC+ кірмейтін тағы ойыншылар бар, олар Канада, Бразилия, АҚШ. Енді осы елдер де мұнай көлемін қысқартуға қатысты келісмге келсе мұнай нарығындағы баға бір шама тұрақтанар еді,-дейді Мақсат Халық.

 

  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы