Павлодарда көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табысталды
Астана, BAQ.KZ. Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концертте өңірдің дамуына үлес қосқан әйелдер марапатталды, деп жазады pavlodarnews.kz тілшісі.
8 наурыз қарсаңындағы салтанатты жиын Естай атындағы мәдениет сарайында өтті. Мереке иелеріне арналып сарайдың кіре берісінде әйелдердің ұлттық әшекейлері және павлодарлық суретшілер салған әйелдердің портреттерінен көрме қойылды. Жиналған әйелдер қауымын құттықтаған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов нәзік жандылар қай салада да қиын міндеттерді атқарып жетістікке жетіп жүргендерін атап өтті.
«Біздің қоғамда әйел деген – отбасын ғана ойлайтын тұлға емес, мемлекеттік қызметте, қоғамдық жүмыста, кәсіпкерлікте, білімде, денсаулық сақтау және өзге де салада белсенді жандар. Сіздерді өмір сүруге деген құлшыныстарыңыз бен көздеген мақсаттан таймауға тырысуларыңыз ерекшелендіреді. Таңқаларлығы көпшілігіңіз мейіріммен баланы тәрбиелеу, үйдің көптеген мәселелерін шешу, жұмысқа да үлгеру, қоғамдық шараларға белсенді араласудың бәріне үлгеріп жатасыздар», - деді өңір басшысы.
Өңір басшысы ерекше алғысын Павлодар облысының көп балалы аналарына білдірді. Оның 19-ы көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында «Алтын алқа» мен «Күміс алқаға» ие болды. Сонымен қатар, облыс әкімі ауыр өнеркәсіпте, денсаулық сақтау мен білім беру саласында, мемлекеттік қызмет және өзге де салаларда еңбек еткен әйелдерге алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыстады.