"Алтын ағыны": бағалы металдардың қымбаттауы Орталық Азия экономикасын қалай нығайтуда
Алтын бағасының күрт көтерілуі әлемдік инвесторлардың назарын қайтадан бағалы метал өндіру – экономикасының негізгі қозғаушы күші саналатын елдерге аударды. JP Morgan дерегінше, Гана, Қазақстан және Өзбекстан секілді алтын экспорттайтын мемлекеттер әлемдік нарықтағы қолайлы ахуалдың нақты пайдасын сезіне бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сарапшылардың айтуынша, бағаның соңғы аздап төмендеуіне қарамастан, ұзақ мерзімді үрдіс әлі де өсу бағытын сақтап тұр. Банктің болжамы бойынша, 2026 жылдың төртінші тоқсанына қарай алтынның бір унциясы 5000 доллардан асуы мүмкін. Мұндай сценарийде алтын "жай металл емес, стратегиялық күшке айналған" елдерде экономикалық серпін қайта жанданады.
Позитивті өзгеріс басқа бағалы металдар нарығында да байқалады. Платина мен күміс те қымбаттап, бұл Қазақстан мен Тәжікстанға қосымша кіріс әкелді. Қазақстан үшін бұл тек экспорттық мүмкіндік емес, сонымен бірге қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Ел алтынмен"айна операцияларын" белсенді қолданып, валюта нарығының тұрақтылығын сақтап отыр.
Өзбекстанда "алтын ағыны" жүргізіліп жатқан реформаларға қосымша серпін беріп отыр. Үкімет қосымша кірістерді басқаруда сақтық танытып, оларды бірден емес, кезең-кезеңімен экономикаға бағыттау арқылы ұзақ мерзімді әсерге қол жеткізуді көздейді.
Экономистердің пікірінше, қазіргі жағдай өткен ғасырдағы алтын сенімділіктің басты кепілі болған дәуірді еске салады. Бүгінде бағалы металдар тағы да аймақ елдерінің ұлттық валютасын нығайтып, қорларын толықтыруға және реформалар жүргізуге мүмкіндік беретін тірекке айналып отыр.
Әлемдік биржалар алтын бағасының қозғалысын демін ішіне тарта бақылай берсе, Орталық Азия бұл үрдісті тұрақты даму мүмкіндігіне айналдыруға талпынып келеді. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында дәл осы «берік алтын» сыртқы тәуекелдерді жұмсартудың ең сенімді жолы болып тұр.