«Алтын адам» байқауының жеңімпазы анықталды

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің жастары Алтын адамды жасау бойынша шеберлік байқасты. Макет жарысына 10-нан астам өнерлі ұл-қыз қатысты.

Шығармашылық байқау Жастар жылы және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде ұйымдастырылды. Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Айгүл Кенжетаеваның айтуынша, байқау өнерлі жастардың әлеуетін арттыруға, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатын көздейді.

«Бұл бәсекеге іріктеуден өткен 11 жұмыс қатысты. Олар еңбектерін жеке-жеке қорғап, жұмысқа қойылған талаптарды мүдірмей орындауға тырысты. Талаптарды орындап қана қоймай, «Алтын» адам сауытындағы аң стилінде жасалған өрнектерді де жасаған. Жастар өзіндік стиль, өзіндік із қалдыруға да тарысты», - дейді Айгүл Кенжетаева.

Мәселен, Баянауыл ауданындағы №2 мектептің абыройын қорғаған Әлия Сәтбай «Алтын адам» макеті арқылы елімізді қызғалдақтардың Отаны деген идеяны жеткізген. Бұл мақсатта мүсіннің жебе, найза элементтерінің орнына дала гүлдерін қолданған. Осылайша, әр қатысушы өз макетіне өзіндік шырай берген.

Шараның қорытындысы бойынша 14-18 және 19-30 жасқа дейінгі жастар арасында нәтижелер шығарылды. Бірінші санатта Баянауыл балалар өнер мектебінің оқушылары, екінші санатта Баянауыл №2 мектебінің қатысушылары жеңіске жетті.

Конкурсқа тапсырылған «Алтын адам» макеттерін бір айға созылатын арнайы көрмеде тамашалауға болады.

Айта кетейік, облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты арнайы жобы аясында жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтқанда, «Туған жер», «Қазақстанның сокралды географиясы», «Заманауи әлемдегі қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақ тілінің латын графикасына көшу». Былтыр бұл бағытта 200-ге жуық шара ұйымдастырылған.

2018-2025 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру жөніндегі жоспар құрылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы