7 Қыркүйек 2026, 15:17 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алты тауар арзандады: Өткен аптада азық-түлік бағасы қалай өзгерді?

Өткен аптада бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арзандады

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 26 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатар түрі бойынша баға тұрақты болды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.

Атап айтқанда, рожки, тауық еті, қаймақ, айран, қияр және қант бағасы өзгерген жоқ.

Алты тауар түрі бойынша баға төмендеді. Пияз 7,2%-ға, сәбіз 4,6%-ға, картоп 3,2%-ға, қырыққабат 3,1%-ға, алма 1%-ға, күнбағыс майы 0,1%-ға арзандады.

19 тауар түрі бойынша бағаның аздап өскені байқалды. Ең жоғары өсім қызанақта тіркеліп, оның бағасы 2,8%-ға қымбаттады. Тұз 0,9%-ға, қарақұмық жармасы мен жұмыртқа 0,7%-ға, қатты және жартылай қатты ірімшіктер мен сүзбе 0,6%-ға өсті.

Жылқы еті, оның ішінде сүйексіз ет, сондай-ақ тартылған ет бағасы 0,5%-ға, күріш пен қара шай 0,3%-ға қымбаттады. Нан, қой еті, оның ішінде сүйексіз ет және балық бағасы 0,2%-ға, ал ұн, сүйекті және сүйексіз сиыр еті, тауық еті, сүт және сары май 0,1%-ға өсті.

Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында апта қорытындысы бойынша баға индексі 100% деңгейінде сақталды.

Баға индексі төрт өңірде төмендеді. Ұлытау облысында – 0,3%-ға, Қостанай облысында – 0,2%-ға, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында – 0,1%-ға.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті тиісті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруде. Үкімет баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін заңнама талаптарының сақталуын бақылау және ішкі нарықты қажетті тауарлармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдап келеді.

Баға қалыптасу тізбегіндегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялар өнімсіз делдалдарды анықтау жұмыстарын жалғастыруда. 2026 жылдың басынан бері өңірлерде 726 отырыс өткізіліп, 2 881 заңбұзушылық фактісі анықталды және 2 695 әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде 186 өнімсіз делдал жеткізу тізбегінен шығарылды.

Салыстыру үшін, 2025 жылдың ішінде 1 179 отырыс өткізілген.

Сонымен қатар аумақтық департаменттер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық сауда үстемесінің сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізуде.

Жыл басынан бері белгіленген сауда үстемесін асыру фактілері бойынша 3 155 әкімшілік қаулы шығарылды. 2021 жылы мұндай қаулылардың саны 34 болса, 2022 жылы – 310, 2023 жылы – 760, 2024 жылы – 1 554, ал 2025 жылы 2 796 болды.

Электрондық шот-фактураларға да талдау жүргізілуде. Жыл басынан бері 36 664-тен астам жеткізу тізбегі талданып, оның 5 391-і бойынша Қазақстан заңнамасын бұзу тәуекелдері анықталды.

2025 жылы 11,2 мың жеткізу тізбегіне талдау жүргізіліп, олардың 1,1 мыңында заңнама талаптарын бұзу тәуекелдері анықталған.