28 Тамыз 2026, 05:21 Фото: depositphotos.com

Алты ел ЕО-ның 2 трлн еуролық бюджетін қысқартуды талап етті

2028-2034 жылдарға арналған ЕО-ның көпжылдық қаржылық шеңберін қабылдау үшін Одаққа мүше барлық 27 мемлекеттің келісімі қажет.

Германия, Нидерланды, Дания, Австрия, Финляндия және Швеция Еурокомиссия ұсынған Еуропалық Одақтың 2028–2034 жылдарға арналған бюджетін қысқартуға шақырды.

DW мәліметінше, Еурокомиссия инфляцияны ескере отырып, жеті жылдық бюджетті шамамен 2 трлн еуро көлемінде қалыптастыруды ұсынып отыр. Алайда алты мемлекет бұл соманы бірнеше жүз миллиард еуроға азайтуды талап етеді.

Германия канцлері Фридрих Мерцтің айтуынша, бюджет шығындарын қысқарту барлық саланы қамтуы керек. Ол Еурокомиссияның ұсынысын қазіргі жағдайда қолайсыз деп бағалады.

Мерц ЕК ұсынған бюджет көлемі 60%-ға ұлғаятынын, ал мұндай шығынды қазіргі жағдайда қаржыландыру мүмкін емес екенін мәлімдеді.

Германия, Нидерланды, Дания, Австрия, Финляндия және Швеция бірлесіп ЕО бюджетінің шамамен 40%-ын қаржыландырады. Сондай-ақ бұл мемлекеттер Украинаға көрсетілетін көмектің елеулі бөлігін көтеріп отыр.

Алты ел қауіпсіздік пен қорғаныс, бәсекеге қабілеттілік, көші-қон және Еуропаның егемендігін қорғауды бюджеттің басым бағыттары ретінде белгілеуді ұсынды. Сонымен қатар олар ЕО елдерінің жаңа бірлескен қарыз алуына қарсы шықты.

2028-2034 жылдарға арналған ЕО-ның көпжылдық қаржылық шеңберін қабылдау үшін Одаққа мүше барлық 27 мемлекеттің келісімі қажет.