Алтай Республикасында жол апатынан екі қазақстандық қаза тауып, төртеуі жарақаттанды
Жол апаты Улаган ауданының Акташ ауылына жақын жерде болған.
Алтай Республикасындағы тасжолда екі автокөлік соқтығысып, Қазақстанның екі азаматы қаза тапты, тағы төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Интерфакс»-ке сілтеме жасап.
Ресей ІІМ-нің өңір бойынша Бас басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, жол апаты 27 шілде күні кешке Улаган ауданының Акташ ауылына жақын жерде болған.
Toyota Avensis көлігін тізгіндеген 31 жастағы жергілікті тұрғын қарсы бағытқа шығып кетіп, 40 жастағы Қазақстан азаматы басқарған Chevrolet Nexia автокөлігімен соқтығысқан.
Chevrolet жүргізушісі мен 44 жастағы әйел (ол да Қазақстан азаматы) ауыр әрі көптеген жарақаттармен Акташ аудандық ауруханасына жеткізілді. Кейіннен екеуі де қайтыс болды.
Түрлі дәрежедегі жарақаттармен Chevrolet-тің қалған жолаушылары – екі 63 жастағы ер адам және 13 жастағы бойжеткен ауруханаға жатқызылды. Олардың барлығы – Қазақстан тұрғындары. Сонымен қатар ауруханаға Toyota көлігінің 21 жастағы жолаушысы, Акташ ауылының тұрғыны да түсті.
Жол апатына себепкер болған Toyota жүргізушісі жеңіл жарақат алған, оған ауруханаға жатудың қажеті болмады. Тексеру барысында әйелдің көлікті жүргізу құқығынсыз және мас күйінде айдағаны анықталды, деп хабарлайды агенттік.
BAQ.KZ редакциясы ҚР Сыртқы істер министрлігіне жол апатына қатысты сауал жолдады.