Алтай ауданындағы инсульттік орталық үш ауданға қызмет көрсетеді

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанның Алтай қаласындағы инсульттік орталық қазіргі уақытта көршілес Катонқарағай, Күршім аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде. Бұл жөнінде Алтай аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Гречушникова хабарлады.

«Өткен жылы ауданымызда маңызды өзгеріс орын алып, инсульттік орталық ашылды. «Парыз» қайырымдылық қорының қаражатына ашылған орталық бүгінде жалғыз Алтай ауданының ғана емес, сондай-ақ көршілес Катонқарағай, Күршім аудандарының тұрғындарына да медициналық көмек көрсетіп отыр. Бұл әсіресе таулы аймақтарда орналасқан елді мекендер тұрғындары үшін алтыннан қымбат уақытты үнемдеп, сапалы медициналық қызметті алысқа сабылмай үйінің жанынан алуларына жағдай жасады», - дейді мәслихат хатшысы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, орталық ашылғаннан бергі аралықта екі жүзден астам науқасқа медициналық қызмет көрсеткен. Орталықтың тоғыз дәрігері арнайы оқудан өтіп, біліктіліктерін жетілдірді.

«Дәрігерлеріміздің арнайы оқу курстарынан өтуі олардың науқасқа деген қарым-қатынасын өзгертіп, емдеудің мультипликативті түрін қолдануларына жол ашты. Атап айтсақ, бүгінде біздің инсульттік орталықта адамдар ем ғана қабылдамай, сонымен қатар сауықтыру физкультурасымен айналысып, психологиялық көмек ала алатын болды. Дәрігерлеріміз пациентпен ғана жұмыс істеп қоймай, сондай-ақ олардың туған-туыстарын да бұл үрдіске атсалысуға шақырады», - деп қосты Лариса Гречушникова.

Алтай ауданындағы инсульттік орталық 15 орынға арналған. Оның үшеуі реанимациялық орын. Орталық компьютерлік томографпен және заманауи медициналық құрылғылармен жарақтандырылған. Сонымен қатар, мұнда науқастарды оңалтуға арналған арнайы жаттығу құрылғылары орнатылған жеке бөлмесі де бар.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы