Әлтаевқа оны кандидат ретінде ұсынған ұйым мүшелері шағым түсірген

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында түсіндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Нұржан Әлтаевты Президент сайлауына үміткер ретінде «Мұқалмас» республикалық қоғамы ұсынғаны белгілі. Алайда аталған ұйымның кей мүшелері сотқа шағым түсірген. 

11 қазанда Орталық сайлау комиссиясының атына Астана қаласы Байқоңыр ауданы соты атынан ұйғарым келіп түсті. Бұл ұйғарымды шығаруға негіз болған «Мұқалмас» республикалық ұйымының мүшелерінің арызы. Яғни бізге тапсырылған хаттаманы «Мұқалмас» республикалық қоғамдық ұйымның бірнеше мүшелері заңсыз деп табуды соттан сұраған, - деп хабарлады  Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов. 

Ол Орталық сайлау комиссиясының мұндай іс қаралып жатқанын оның атына келіп түскен ұйғарымнан білгенін атап өтті.

Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Нұржан Әлтаевтың Президенттікке кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау рәсімін тоқтата тұруға шешім қабылдағанын кешегі отырыста мәлімдеген болатын. Оған негіз Конституцияның 76-бабының 3-тармағы: «Соттар шешімдерінің үкімдері мен өзге де қаулыларының республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады».

Шавкат Өтемісов Нұржан Әлтаевқа қатысты ОСК тарапынан қаулы емес, хаттама қабылданғанын ескертті. Яғни сотта қаралып жатқан іс шешілген соң сайлау комиссиясы өз шешімін қабылдайды.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы