Бүгiн 2026, 12:54 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

"Альпинизм – өмір мектебі": Тоқаев жастарға маңызды үндеу жасады

Президент альпинизм мен тау туризмін нағыз өмір мектебі деп атауға болатынын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыстау рәсімінде альпинизм мен тау туризмін нағыз өмір мектебі деп атауға болатынын атап өтті. Сөзінше, ол мықтыларды шыңдайды, өз ортаңда жауапты болуға баулиды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің асыл қасиеттері мен адамдарға, әсіресе, альпинистерге деген шынайы қамқорлығын жоғары бағалады.

«Адам өмірі ең жоғары спорттық жетістіктерден құнды» деген теңеуіңіз альпинистер арасында қанатты сөзге айналып кетті. «Альпинизм – адам мен табиғат арасындағы шахмат ойыны» деп дәл айтқансыз. К2 (Чогори) шыңын бетке алған командаңыздың алай-түлей боранға тап болғаны мәлім. Сол сәтте шыңның ұшар басына қол созым жер қалғанына қарамастан, кері қайттыңыз. Мұндай шешім қабылдау оңай емес. Осыдан-ақ дана, мейірбан жан екеніңізді аңғарамыз. Жетістік пен жеңіске ешқашан масаттанған емессіз. Бәріне белгілі, үйреншікті бағыттармен жүргенде де сақтықты ұмытпадыңыз. Кез келген жорыққа осылай тыңғылықты дайындалу даңқты альпинист, спортшы, тәлімгер ретінде сіздің «төлқұжатыңызға» айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде альпинизмді насихаттауда Ерванд Ильинскийдің орасан жұмыс атқарғанын атап өтті.

Асқар шыңдарға құштарлық, тауға шығу – әуестік қана емес, қоршаған ортаны қастерлеп, ластамауға үндейтін айрықша экологиялық өмір салты. Жаңа Конституцияда көрініс тапқан табиғатты аялау, экологиялық мәдениет және тазалық қағидаттары ұлттық болмысымызбен біте қайнасып кетуге тиіс. Тау табандылыққа, тәртіп пен жанашырлыққа үйретеді. Биікке көтерілген адам рухтанады. Дәл осы себепті альпинизм мен тау туризмін нағыз өмір мектебі деп атауға болады. Ол мықтыларды шыңдайды, өз ортаңда жауапты болуға баулиды. Бұл мәдени әрі психологиялық феноменді барынша қолдап, оны жастар тәрбиесінде пайдалануымыз керек. Үкіметтің, салалық министрліктің алдында альпинизмді спорт және заманауи тау туризмінің бір түрі ретінде жан-жақты дәріптеу міндеті тұр. Мемлекет пен демеушілердің қаржысын тарта отырып, нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажет. Мемлекет бұл өзекті міндетті шешуді қолға алады, оған тиісті назар аударылады, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің ғұмыр жолын жасампаз патриотизмнің, айрықша жанқиярлық пен аса жоғары кәсібиліктің жарқын үлгісі деп санайды.

Жастар табанды әрі өнімді еңбек әрдайым лайықты бағасын алатынын көруге тиіс. Табыстың оңай келмейтінін түсінгені жөн. Еңбек – бәрін жеңбек. Мейлі, спортта, бизнесте, білімде, ғылымда, далалық жұмыста не зауытта болсын, өз ісіне шын берілген, көздеген мақсаты айқын адамдар өмірлік мұратына жетеді. Құрметті Ерванд Тихонович Ильинский сияқты азаматтар – қоғамның тірегі, ерлік пен еңбекқорлықтың, төзімділіктің жарқын үлгісі. Сондықтан мен сізге альпинизмдегі аса үздік жетістіктеріңіз, сондай-ақ ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз және белсенді қоғамдық қызметіңіз үшін жоғары ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін осы награданы өзіңізге зор құрметпен тапсырамын. Ерванд Тихонович, сізге мықты денсаулық, бақ-береке, мол табыс тілеймін! Альпинистер арасында «Өзіңізді сақтаңыз!» деген сөз жиі айтылады. Сізге және жаныңызда жүріп, серік болған шәкірттеріңізге осы тілекті арнағым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, әлем шыңдарын бағындырған әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге ең жоғары атақ – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.