Бүгiн 2026, 06:19 Фото: видеодан скрин

Альпі астында алып тоннель салынуда: ол Австрия мен Италияны байланыстырады

Тоннельдің ұзындығы 64 шақырымды құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін ол Еуропаның көлік жүйесіндегі негізгі элементтердің біріне айналады.

Еуропада Австрия мен Италияны байланыстыратын әлемдегі ең ұзын теміржол тоннелінің құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Еуропада әлемдегі ең ірі теміржол тоннелін салу бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңа көлік нысаны Австрия мен Италияны қосып, құрлықтың оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын трансеуропалық теміржол дәлізінің маңызды бөлігіне айналады.

Тоннельдің ұзындығы 64 шақырымды құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін ол Еуропаның көлік жүйесіндегі негізгі элементтердің біріне айналады.

Жоба жетекшісі Себастьян Райманн мұндай нысанның салынуы еуропалық елдердің ортақ жетістігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әртүрлі мемлекет өкілдері қатысып жатқан бұл жобамен Еуропа мақтана алады.

Құрылысқа Еуропаның 11 елінен келген мамандар мен жетекші компаниялар тартылған.

Жұмыстар қуаты 6000 ат күшіне тең алып бұрғылау кешендерінің көмегімен жүргізілуде. Кейбір машиналардың биіктігі шамамен 20 метрге жетіп, ұзындығы бірнеше жүз метрді құрайды.

Ауыр техника тау жыныстары арқылы тоннель қазуға пайдаланылып, үлкен тереңдікте үздіксіз бұрғылау жұмыстарын қамтамасыз етеді.