Алматының жаңа мекендері: Биыл қалада қандай нысандар ашылды?
Биыл Алматыда балаларға арналған шығармашылық орталығында планетарий ашылды, ал Наурызбай ауданында отбасымен серуендейтін жаңа орын пайда болды. Наталия Сац театры көрерменін қайта қабылдай бастады, Баум тоғайында демалыс пен спорт алаңдары жабдықталды. BAQ.KZ алматылықтарға биыл қандай орындар ашылғанын және қалада тағы қандай жобалар жүріп жатқанын шолып шықты.
Балаларға жаңа орталық, театрға жаңа сахна
Алматыда балалар мен жастардың дамуы мен шығармашылығына арналған орталық ашылды. Мұнда үйірмеге қатысуға, спортпен шұғылдануға және планетарийге баруға болады. Аумағы 10 мың шаршы метрден асатын ғимаратта бассейндер, спорт залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар жабдықталған. Орталық екі ауысымда 1 350 келушіні қабылдай алады.
Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры ауқымды жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Театрдың тарихи ғимаратындағы сахна жабдықтары ауыстырылып, 260 орындық камералық залы бар жаңа корпус салынды.
Серуенге шығатын орындар көбейді
Наурызбай ауданында Alem Park аттракциондар саябағының жанынан бір гектарлық қоғамдық кеңістік ашылды. Онда балалар ойын алаңы, субұрқақ, саялы қалқалар мен «Отбасы» композициясы бар. Серуен жолдарына жарық орнатылып, жасыл желекке автоматты суару жүйесі тартылды. Аумаққа 200 ірі ағаш, 85 қылқанжапырақты ағаш, 30 мыңға жуық бұта мен 1,5 мың раушан отырғызылды.
Баум тоғайында да абаттандыру аяқталды. Тоғайға шырша, тал, қайың, терек, тұт және жиденің мыңнан астам көшеті отырғызылды. Демалыс аймақтары мен спорт алаңдарын жабдықтау кезінде жердің табиғи бедері мен топырақ жамылғысы сақталды.
Қаланың алғашқы гастрономиялық көшесінде тамақтану орындары мен жазғы алаңдар ашылды. Көшеде веложол мен демалыс орындары пайда болды. Ғимараттардың қасбеттері бір үлгіге келтіріліп, кіреберістері мен жарықтандыру жүйесі жаңартылды.
Саин көшесімен жаңа бағыт ашылды
Жүргізушілер Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі 3,2 шақырымдық жаңа бөлігімен жүре алады. Осы маңда қатарлас жолдар, тротуарлар мен веложолдар салынып жатыр.
«Қалқаман» метро станциясының құрылысы аяқталды, қазір жабдықты іске қосу және баптау жұмыстары жүріп жатыр. Станция маңында 400-ге жуық автотұрақ орны жасалған. Станцияны биыл 1 желтоқсанға дейін ашу жоспарланып отыр.
Бауыржан Момышұлы көшесінде алғашқы LRT желісінің 4,4 шақырымдық бөлігіне рельс төсеу басталды. Төле би көшесінде де құрылыс жүріп, инженерлік желілер қайта тартылып жатыр. Желіні 2027 жылдың соңында іске қосу көзделген.
Ақсайдағы жаңа су алу нысаны 100 мыңнан астам тұрғынды қамтыды
Ақсай өзенінде сүзгі станциясы бар су алу нысаны іске қосылды. Ол тәулігіне 22 мың текше метр су өңдей алады. Станцияда суды тұндырудан бастап, кварц құмы арқылы сүзу мен залалсыздандыруға дейінгі толық тазарту циклі енгізілген.
Алмалы, Бостандық және Медеу аудандарында 178 көппәтерлі үйдің қасбеті жаңартылып жатыр. Жобаға 25,8 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Үйлердің қасбеттері қапталып, сыланып, сырланады. Кейбір ғимараттарға сәулеттік жарықтандыру орнатылады. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.