Алматының тығыздығын ескермей 3 үй құрылысына заңсыз келіскен басшы ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істерді тіркеп, тергеуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Антикордың ресми өкілі Арман Тлеукенов мәлім етті. Оның сөзінше, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктенуде. 

Мәселен, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен. Салдарынан мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді. Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті. Шығын 180 млн теңгені құрады, - деді спикер.

Арман Тлеукеновтің сөзінше, соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, басқа лауазымды адамдардың қатыстығы тексерілуде. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі, - деді ведомствоның ресми өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы