5 Қазан 2026, 16:57 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматының төменгі бөлігіндегі Үлкен Алматы өзенінің жағалауы қашан абаттандырылады?

Алматыдағы Сайран көлінің маңы мен Үлкен Алматы өзенінің бір бөлігі соңғы жылдары абаттандырылып, тұрғындардың серуендейтін сүйікті орындарының біріне айналды. Енді қала тұрғындарын өзен жағалауының Төле би көшесінен төмен орналасқан бөлігінің тағдыры қызықтырып отыр. Бұл сұраққа Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әкімнің айтуынша, бүгінде Үлкен Алматы өзенінің бойындағы абаттандыру жұмыстары аудан аумағында аяқталған. Атап айтқанда, өзен жағалауы аудан шекарасынан Абай даңғылына дейін ретке келтірілген. Сондай-ақ Сайран көлін жаңғырту жобасы да толық аяқталған.

Алайда Төле би көшесі мен Райымбек даңғылы аралығындағы аумақ әзірге абаттандыру жұмыстарына қамтылмаған.

Біздегі мәлімет бойынша, Экология басқармасы аталған аумақты абаттандыру бойынша жобаны әзірлеген. Құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты мерзіміне қатысты қосымша ақпаратты кейінірек нақтылап хабарлаймыз. Бұл мәселе ең алдымен қаржының бөлінуіне байланысты болады, – деді Абзал Егембердиев.

Осылайша, Алматының төменгі бөлігіндегі Үлкен Алматы өзенінің жағалауын абаттандыру жоспарда болғанымен, жобаның қашан іске асатыны әзірге белгісіз. Оның басталу мерзімі бюджеттен қаржы бөлінуіне тікелей байланысты болмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Алматының қай көшелерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына шолу жасаған едік. 

Сондай-ақ, Алматы тұрғыны қазылған жолдың кесірінен көзінен айырылып қала жаздағанын жаздық.

Тағы оқи отырыңыз: Алматыда асфальт опырылып, автобус қозғала алмай қалды