29 Қыркүйек 2026, 14:35 Фото: ©BAQ.KZ/ Жасанды интеллект

Алматының тау туризмі жастарға қандай мүмкіндік береді? Сарапшы талдау жасады

Алматы тау кластерінің дамуы жастар үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіби өсуге жол ашуы мүмкін. Бұл туралы «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасы Жан-Пьер Барало BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, тау индустриясы бүгінде жастар үшін шынайы әлеуметтік лифтке айнала алады. Себебі бұл сала туризм, қонақүй бизнесі, спорт, инженерия, қауіпсіздік және инфрақұрылымды басқару сияқты бірнеше бағытты біріктіреді.

Алматы тау кластерінің дамуы жаңа жұмыс орындарының пайда болуына және әртүрлі кәсіби бағыттардың қалыптасуына негіз болады. Бұл әсіресе еңбек жолын енді бастап жатқан жас мамандар үшін маңызды мүмкіндік, – деді Жан-Пьер Барало.

Ол жұмысқа орналасу үшін бірден үлкен тәжірибе талап етілмейтінін атап өтті. Жастар қонақжайлылық саласында, туристерге қызмет көрсету бағытында немесе спорттық және демалыс іс-шараларын ұйымдастыру сияқты бастапқы деңгейдегі қызметтерден бастап, кейін өз саласында кәсіби тұрғыдан дами алады.

Баралоның айтуынша, тәжірибелік дағдыларды меңгеру, қосымша білім алу және біліктілікті арттыру жас мамандарға күрделірек міндеттерге көшіп, басшылық қызметтерге дейін өсуге мүмкіндік береді.

Қандай мамандықтарға сұраныс артады?

Сарапшы тау-туризм саласы көптеген мамандықты қамтитынын айтты. Олардың қатарында қонақүй бизнесі, туризм, спорт менеджменті, инженерия, технологиялар, қауіпсіздік және тау инфрақұрылымын пайдалану бағыттары бар.

Оның пікірінше, Алматы тау кластері дамыған сайын заманауи курорттар мен туристік нысандардың жұмысын қамтамасыз ететін мамандарға сұраныс арта түседі.

Болашақта инженерия, цифрлық технологиялар, туристік сервистерді басқару және арнайы тау инфрақұрылымын пайдалану тоғысындағы жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін, – деді басқарма төрағасы.

Сонымен қатар ол нақты қандай мамандықтарға сұраныс жоғары болатыны жобалардың жүзеге асу кезеңіне, инфрақұрылымның дамуына және курорттардың қажеттілігіне байланысты екенін айтты. Сондықтан кадр даярлау жүйесі нарықтағы өзгерістерге дер кезінде бейімделуі қажет.

Кадр даярлаудағы басты құрал – тәжірибе

Жан-Пьер Барало тау индустриясында кәсіби қауымдастық қалыптастыру үшін білім беру мен тәжірибелік дайындықтың маңызы зор екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі заманғы курорттарда жұмыс істеу үшін теориялық білім жеткіліксіз. Мамандар саланың ерекшелігін түсініп, практикалық дағдыларды меңгеріп, халықаралық сапа мен қауіпсіздік стандарттарын білуі керек.

Осы бағытта маңызды рөл атқаруы тиіс жобалардың бірі – Almaty Tau Academy білім беру экожүйесі.

Академия тау туризмі мен курорт индустриясы үшін мамандар даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға бағытталады. Мұнда қонақжайлылық, туризм, спорт менеджменті, инженерия, технологиялар және тау мамандықтары бойынша оқыту жоспарланып отыр, – деді ол.

Басқарма төрағасының сөзінше, жұмыс істеп тұрған курорттардағы тәжірибелік дайындық, тағылымдамалар және халықаралық серіктестермен ынтымақтастық жастарға Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие тәжірибе мен біліктілік алуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге ол жастар үшін қазіргі мүмкіндіктердің жеткіліктілігін бағалау үшін білім беру бағдарламаларының ауқымы, оқытудың қолжетімділігі және дайындалған мамандар саны сияқты көрсеткіштерге назар аудару қажет екенін айтты.

Тау кластері ұзақ мерзімді жұмыс орындарын қалыптастыра ала ма?

Сарапшының пікірінше, тау курорттары мен туристік инфрақұрылымның дамуы Алматы жастары үшін қосымша жұмыспен қамту көзіне айналуы мүмкін.

Оның айтуынша, заманауи курорттық жүйенің жұмысы қонақжайлылық пен туризм саласы қызметкерлерінен бастап инженерлерге, техникалық мамандарға, менеджерлерге және қауіпсіздік саласындағы кәсіби кадрларға дейінгі әртүрлі мамандарды қажет етеді.

Бұл бағыт тек жұмыс орындарын құрумен шектелмейді. Инфрақұрылым кеңейіп, туристік қызметтер күрделене түскен сайын білікті кадрлардың маңызы арта береді. Сондықтан салада ұзақ мерзімді мансап қалыптастыруға мүмкіндік бар, – деді Жан-Пьер Барало.

Оның айтуынша, жаңа жұмыс орындарының пайда болуы жүйелі оқыту, тағылымдамалар және біліктілікті арттыру бағдарламаларымен қатар жүрсе, жастар бір сала ішінде дамып, жаңа бағыттарды игеріп, жауапты қызметтерге көтеріле алады.

Осылайша, Алматы тау кластері тек туристік инфрақұрылымды дамыту жобасы ғана емес, жастардың кәсіби әлеуетін жүзеге асыруға және тұрақты мансап құруға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды көздейтін бастама ретінде қарастырылып отыр.