Алматының тарихын Өзбекәлідей білетін адамды көргенім жоқ – Мырзатай Жолдасбеков

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, қазақ халқының ұмыт болған ұлттық мәдениеті мен әдеп-ғұрпын қайта түлеткен мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың туған күні.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы тамыздың 28-і күні Түркістан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Ғалым тірі болғанда биыл 90 жасқа келер еді. 

Мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков 67 жылдық ғұмырында қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның бастамасымен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қайта қалпына келтіріліп, Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Ол кісі тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру мақсатында «Арқас» қоғамын құрды. «Шертер», «Адырна», «Алтынай», тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдері де Жәнібековтың ұйымдастыруымен өмірге келген. 

Сондай-ақ Өзбекәлі Жәнібековтың артында «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты еңбектері қалды.

Ғалымның 90 жылдығы қарсаңында оның көзін көрген, бірге қызметтес болған әріптестерімен тілдескен едік. Олардың Өзбекәлі Жәнібеков жайлы айтқан ойларын, естеліктерін қаз-қалпында беруді жөн санадық.

Мемлекеттің мүлкіне өмірі қолсұқпаған жан


Мырзатай Жолдасбеков,  мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор:

Мен ол кісімен Қазақстан Орталық комитетінде бірге жұмыс істедім. Оның алдында министр едім, содан Колбин шақырып, идеология бөлімін кеңейтіп жатырмыз деп жұмысқа шақырды. Өзбекәлі онда Қазақстан Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы. 

Өзбекәліні бұрын сыртынан ғана еститінмін, аты аңызға айналған адам. Мінезі шатақ, ешкімнің алдында басын ие бермейді, жақтырмаса бетіңе айтады дегенді сыртынан еститінмін. Сондай адам менің тікелей басшым болды. Шынын айту керек, екеуіміз тізе біріктіріп, табысты жұмыс істедік. Сол кезде біздің Орталық комитетіндегі қарамағымызда істейтін жігіттер Өзекең мен Мырзекең келгелі біздің жағдайымыз өзгерді деген әңгімені айта бастады. 

Шіркін, Өзекең жер астына симайтын адам еді. Мінезі өмірде де, тарихта да ешкім ұқпайтын, қайталанбайтын. Өзбекәлінің мінезі шынында да тік болатын. Сыртынан адам сескенуші еді, бірақ жақын әңгімелесе келе Өзбекәлінің ішін ашсаң - кең сарай еді. Мен, Алматының тарихын Өзбекәлідей білетін адамды көргенім жоқ. Алматыға қатысты дүниелерді, әңгімелерді керемет айтатын. Өзеке, бұны жазып қояйық та, кейін керек болады десем «ой, қайтесің оны, басқа да жұмыс жетеді ғой» деп жаздырмаған. Әттең, соның бәрі Өзбекәлінің ішінде кетті. 

Өзбекәлі өзі этнограф, өзі тарихшы. Ол кісі қазақтың ой-санасы жайлы көп дүние айтушы еді. Бірталай кітап жазды. Жұмыс барысында маған «жүрсеңші сен де» деп шаралардан қалдырмайтын. Ол кісінің бастамасымен бірқатар ансамбль құрылды. Соның ішінде «Алтынай» деген ансамблі болды, ондағы жігіттер әзілдеп «алтушка» дейтін. Бір күні Өзекеңе қалжыңдап, сіз менің бастығымсыз, қашанға жұмыс деп жүре береміз, бір шай ішуді ұйымдастырсаңызшы дедім. Содан бір күні Сансызбай деген көмекшісі бар еді сол «Мырзеке, тез далаға шығыңыз, Өзекең есіктің алдына күтіп тұр» деді. Содан жұмыстан шықтық та қазіргі Сейфуллин көшесімен төмен қарай кеттік. Ее, құдай жарылқады, Өзекең қаланың сыртында дастархан жайған ғой, деп ішімнен ойлап келе жатырмын. Содан Киров көшесіне келгенде солға қарай бұрылып филормонияға келдік. Барсақ онда «Алтынай» ансамблінің репетициясы болып жатыр екен. Ленинградтан Галушкевич дейтін хореограф әйелді алдырыпты, содан «Алтынай» ансамбліне бірнеше би қойып беріп жатыр екен. Сөйтсем бізді соның репетициясын алып келген. Ары отырып, бері отырып қазір бір жерге баратын шығармыз деп қоямын. Онда үн жоқ, ақыр соңы үйге қайттық.

Бір күні сол Сансызбай маған тағы телефон соқты. «Мырзеке, тез шығыңыз, Өзекең қасында Сейіт Қасқабасов бар, сізді төменде күтіп тұр» деді. Келдікте көлікке отырып жүріп кеттік. Қайда бара жатырмыз білмеймін, Өзекеңде үн жоқ. Сөйтсек Жамбыл ауданында Наурыз тойы болып жатыр екен, соған бардық. 

Бірде Сансызбай тағы телефон соғып «Мырзеке, тез шығыңыз, Өзекең машинаның жанында күтіп тұр» деді. Келдімде көлікке мініп, жүріп кеттік. Үн жоқ, түн жоқ келе жатырмыз. Бір кезде әуежайға қарай беталдық. Ішімнен біреу келеді екен ғой, соны күтіп аламыз деп ойлап отырмын. Содан ұшақтың мінетін жеріне бірақ бардық. Ішімнен Өзекеңді шығарып салып тұрмын деп қоямын. Өйткені қолында сөмкесі мен шағын күртешесі бар. Сосын мен тұрып қалдым, ол «неғып тұрсың, кеттік» деп ақыры ұшақпен Жезқазғанға ұштық та кеттік. Қайда барамыз десем, «Ұлытауға барамыз» деді. Сөйтіп Жезқазғаннан шығып Жошы ханның мавзолейіне бардық. Келсек, күн ыстық сол маңдағы жылқының бәрі сол мавзолейдің ішінде тұр.  Өзекең қарап тұрып «Мырзеке, көрдің бе, қазақтың қолынан осы ғана келеді» деді. Жошының мавзолейі жылқының қорасына айналып кеткен. 


Өзекең, ерінбейтін адам еді. Қазақтың ұлттық киімі туралы еңбегі бар. Өзі бірнеше ансамбьл құрды. Сондағы жігіттер басына қалпақ киетін. Сонда Өзбекәлі «мыналардың істеп отырғанын қарашы, ханның мұрағын киіп алыпты» деп ызаланып отырушы еді.

Отырған жерімде Өзбекәлі туралы айтып жүремін. Ол бақайшығына дейін қазаққа адал еді. Мінсіз адам еді, жаратылысы бөлек. Қоғамның, мемлекеттің мүлкіне өмірі қолсұқпаған жан. Қазіргі кейбір жігіттер қолын молынан салады ғой. 

Мен 60 жылдығыма дайындалып жатқанда Өзбекәлінің қатты ауырып жүрген кезі еді. Бірде маған хабарласып «Мырзатай, сен ана мерейтойыңды ұйымдастырып жатқан жігіттеріңе айт, мен міндетті түрде барамын, сөз сөйлеймін» деді. Кеш М. Әуезов театрында өтті. Сонда Өзбекәлі бар күшін жинап келіп, таяққа сүйеніп тұрып сөйлеп еді. Бұл Өзбекәлінің халық алдына шығып сөйлеген ең соңғы сөзі болды. Одан кейін көп ұзамай қайтыс болды.

Қазіргі қоғам Өзбекәлідей адамға мұқтаж


Олжас Сүлейменов, ақын, Қазақстанның халық жазушысы, түрколог, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері:

Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың сирек кездесетін біртуар азаматы. Ол партияның хатшысы, идеология саласында жұмыс істеді. Содан бері ондай мықты маманды әлі даярлап шығара алмай жатырмыз. Ол кезде уақыт басқа еді. Қазір ондай идеолог адамға мұқтажбыз. Ол кісімен бірге жұмыс істедік, кеңесіп, арасында дауласып та алатынбыз. Өзбекәлінің сол кезде атқарған ерен еңбегін тек қазір түсініп отырмыз. Оның Алаш қайраткерлерін ақтау бағытында атқарған ісінің өзі неге тұрады. Атылып, лагерде жоғалып кеткен зиялы қауымның есімін қайтару жолында ол көп тер төкті. Соның арқасында біз Шәкәрімнің, Мағжан Жұмабаевтың және тағы басқа зиялылардың еңбегімен қайта қауыштық. 

Оның кезінде мен Лениндік комсомолдың лауреаты атандым. Оған қоса Өзбекәлі мені Ленин сыйлығына ұсынды. Алайда «АзиЯ» кітабым жарыққа шығып, оған кедергі болды. Ол сыйлық Республика үшін маңызды еді. Өзбекәлі республиканың жетістігі үшін сол сыйлықтан үмітті болды. Ол елдің жетістігі, дамуы үшін барын салды. Қазір ондай адамдар бізде жетіспейді және әрдайым жетіспейтін шығар. Сондықтан әрдайым Өзбекәлі Жәнібековты еске алып отырамыз. 

Біз Өзбекәлі Жәнібековтың алдында қарыздармыз


Мұрат Жұрынов, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик:

Өзбекәлі ағамыз өз халқы қазақты сүйді. Өмір бойы қазаққа қызмет етті. Өзі өмірдің таршылығын көп көрді. Жастайынан жетім қалды. Кішкентай бала кезінде анасының қайтыс болғанын өз көзімен көрді. Бірақ соған қарамастан жүрегі жылы, қайырымды болды. Біз өмірдің ащысына шыдай алмай, жүрегі тас болып қатып қалған, мейірімсыз адамдарды көріп жүреміз. Бірақ Өзбекәлі өзінің табиғи болмысы басқаша болғандықтан ондай жолға түскен жоқ. Әр уақытта қайырымды, қарапайым болды. Адал еңбек етті. 

Оның өмірі қалай болды дегенге келсек, ауылда туды, ауылда өсті. Өз талантының арқасында Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына түсті. Оны бітірген соң мектепте жұмыс істеді. Одан кейін комсомол жұмыстарына араласты. Өзбекәлі Жәнібековты алғаш рет Өскемендегі мыш-қорғасын зауытында кезіктірдім. Сол жерге комсомолдардың конференциясын ұйымдастыруға келген екен, ол кезде бесінші курста оқитын кезім. Сонда ол кісі біздің жағдайымызды, қандай жәрдем керектігін сұрап қамқорлық танытқаны таңқалдырды. Кейін ол кісі Арқалыққа барып, сол өңірдің дамуы үшін көп еңбек сіңірді. Арқалықтың даму тарихында Өзбекәлі ағамыздың орыны ерекше. 

Ол кісі үлкен лауазымды жұмыстарға кеш араласты. 1987 жылы оның талантын көріп, істеген еңбегін бағалап Мәдениет министрі етіп тағайындады. Одан кейін Партияның Орталық комитетінің хатшысы болды. Сол кез Өзбекәлі ағамыздың өміріндегі нағыз жауапты кезең болды. Ол қазақтың жоғалып бара жатқан көптеген ұлттық құндылықтарын орнына келтірді. Бірнеше фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер құрды. Алматы облысында Жамбыл мен Сүйінбайға музей аштырды. «Арқас» деген қоғам құрды, ол ұлттық құндылықтарды іздейтін қоғам еді. Одан бөлек мәдениетке қатысты өзінің жеке жинақтарын шығарды. Ол кісі қазақ құндылығын мадақтап, дүние жүзіне көрсету үшін еңбек етті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жөнінде мәселе көтеріп, күрделі жөндеу жүргізген де Өзбекәлі Жәнібеков. Өйткені бұл кесене колхоздың азық-түлік қоймасы болып кеткен, тіптен мал қоймаға дейін жеткізген. Ол Совет одағының Ясауи бабамызға жасаған қиянаты болды. 

1991 жылы Түркістаннан Қожа Ахмет Ясауи университеті ашылып, мен сонда ректор болдым. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібековпен жиі кездесіп тұрдық. Қандай мамандар дайындаймыз, олар қандай бағытта дайындалу керек және тағы басқа мәселеде кеңесіп отырдық. Өкінішке қарай сол кезде ол кісі ауырыңқырай бастаған еді.

Біз Өзбекәлі Жәнібековтың алдында қарыздармыз. Жақсы бір көше ол кісінің есімін беру керек, ескерткіш салу қажет. Міне, осындай мәселелер қазіргі ұрпақтың алдында тұр.  

Өзбекәлі «Қазреставрацияның» негізін қалаушы


Қанат Тұяқбаев, «Реставраторлар одағы» қоғамдық қорының президенті:

Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Торғайда жұмыс істеп жүрген жерінен 1976 жылы Мәдениет министрінің орынбасары болып келді. Оның алдында Қазақстан комсомолын басқарып тұрғанда да  қазақ мәдениетін, дәстүрін, қазақ жастарын тәрбиелеу жөнінде, қазақ тарихын насихаттау ісінде атқарған жұмыстары бір кітапқа тұрарлық. Министрдің орынбасары болып жүргенде мені 1979 жылы Алматыға шақырды. Алғашында аға инженер болдым, ол кезде «Қазреставрация» деген бірлестік болатын. Бірақ оның Түркістанда бір ғана шеберханасы болды. Одан бөлек министрлікке қарайтын Казкультремстрои деген болды. Олар театр, кітапхана, көрме залдарының жөндеу жұмысымен айналысатын. Содан Өзекеңнің басшылығымен Алматы реставрацияны құрдық. Кейін 1982-1983 жылдары Қазкультремстрои мен Алматы реставрацияны қосып, үлкен басқарма ашылды. Екеуінің өндірістік базасы болды, 500-дей адам жұмыс істеді. 1988 жылға дейін мен Алматы реставрациясын басқардым. Өзекең жасаған жоспарларға қосыла отырып бірлескен жоспарлар жасадық, сөйтіп Қазақстандағы мәдени мұраларды қалпына келтіру жұмысымен айналыстық. 

Кейін 1988 жылы мені арнайы «Қазреставрация» деген мамандандырылған трестке басқарушы етіп қойды. Содан бастап біз әр облыста филиалдар аша бастадық. Сөйтіп 1989 жылға дейін Қазқастан бойынша 21 филиалымыз болды. Онда 2,5 мыңдай адам жұмыс істеді, 500-дей техникалық керек жарағымыз, 300-ден аса көлігіміз болды. Сөйтіп Қазақстанның 19 облысы мен екі қаласында тарихи-сәулет мәдениет мұраларын қайта қалпына келтіру ғылыми жұмыстары, оларды жобалау және алты тақырыпта ғылыми жұмыстарды атқарып жүрдік. Соның барлығының басында Өзбекәлі Жәнібеков тұрды. Кейін ол кісі облыстық атқару комитетіне ауысты, бірақ басқа жаққа ауысқанымен біздің жұмысымызды әр апта сайын қадағалап, жұмысымыз бойынша есеп алаып отырды. 

1987 жылы ол кісі Мәдениет министрі болып бекітілді. Ол кезде жұмыс ауқымы бұрынғыдан да артты. Кейін қызметі көтеріліп, Орталық комитетке идеологиялық хатшы болып барды. Өзекең ең үлкен қызметте жүрсе де қазақ мәдениетін, қазақ тілін дамытуды ешқашан көңілінен шығарған емес әрі бізді де соған баулып отырды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы