Алматының шеткі аудандарында бірнеше емхананың құрылысы басталды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев онлайн брифирнг барысында айтты.
Биыл балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы үшін операциялық блогы бар қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусын салу және "Кемел", "Нұршашқан", "Думан", "Қарасу", "Саялы" шағын аудандарында және Айбасов көшесінде орналасқан отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жоспарланған,-деді ол.
Сонымен қатар ол қазір жылына 80 мың науқасты қабылдайтын № 7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлмесін жапсарлас салу жүргізіліп жатқанын айтты. Оған қоса № 6 қалалық емхананы және ауданаралық туберкулез диспансерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Сондай-ақ, Алатау ауданының" Трудовик" шағын ауданда арнайы тұрғылықты жері жоқ тұлғаларға арналған жедел әлеуметтік көмек пунктінің құрылысы басталады, тағы №11 қалалық емхана ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары басталуда,-деді Нұрашев.
Оның айтуынша, қазір денсаулық сақтауға ерекше көңіл бөлінеді, заманауи медициналық-технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, халыққа дәрігерлік көмек көрсету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
2020 жылы қалада 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталған, бұл бір мыңнан астам төсек-орын - 280 және 300 төсектік модульді ауруханалар, Патологоанатомиялық бюро, Дегдар көшесінде орналасқан 500 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы, № 4 перзентхана корпусына қосымша құрылыс.