Алматының шеткі аудандарын көркейту үшін тұрғындар да атсалысу керек

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қала тұрғындарына арналған “Бюджетке қатысу” жобасы өте қажетті шара. Қоғамдық кеңес оны қолдайды. Бұл тұрғындарды бюджеттік жобаларға атсалысуына тәрбиелейтін маңызды қадам. Бұл туралы Қоғамдық кеңестің мүшесі Бекнұр Қисықов Алматыда өткен брифинг кезінде айтты.  


Оның айтуынша, тұрғындар қалаға бөлінген бюджет қаржысына не істеліп жатқанын біле бермейді. Әркім қаланың гүлдеуіне үлес қосып, бюджет қаржысы қалай жұмсалып жатқанын білуі керек. 

“Мәселен, қалаға бөлінген 4 млрд теңгенің жұмсалуына азаматтардың қатынасы болған жөн. Әлемнің көптеген елдерінде мұндай тәжірибе бұрыннан бар, сондықтан мен оны екі қолдап қолдаймын. Ол үшін қала тұрғындары белсенділік танытып, өз ұсыныстарын білдіру керек”, - деді ол. 

Қазір “Бюджетке қатысу" жобасы бойынша қала тұрғындары өз ұсыныстарын білдіруде. Қоғамдық кеңес мүшесі осы тұрғыда әлеуметтік маңызы бар жобалар көптеп болса деген ойын білдірді. 

“Жобаның мақсаты қоғамдық азаматты тәрбиелеу, яғни, әр адам өзі тұратын аумағына жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл пилоттық жоба, сондықтан уақыт өте келе жетіле түседі деген ойдамын. Қазір қала ортасында ғана емес, шеткі аудандарды да көркейтіп, түрлі жобаларды іске асырғымыз келеді. Алайда ол аудандардың халқы белсенді емес. 1-2 ұсыныс қана білдірген. Жол, жарық тарту, ол әкімдік тарапынан онсыз да жасалатын істер. Бізге әлеуметтік жобалар, идеялар қажет”, - деді ол.

Сөз арасында ол ақпараттандыру тұрғысындағы жұмыстар әлі де жетіспей жатқанын айта келе халық арасында насихаттық жұмысты күшейту керек екенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы