Алматының қысқы маусымға дайындық барысы қандай
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежанов Алматының әлеуметтік нысандары мен жылу желілерінің жұмысымен танысып, шаһардың жаңа оқу жылына және қысқы маусымға дайындық барысына назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сапар барысында ол Көктем шағын ауданында орналасқан №138 Мүслім Базарбаев атындағы жаңа мектеп-гимназияның құрылысымен танысты. Сондай-ақ Бостандық ауданындағы даму және шығармашылық орталығының ғимаратында болды.
Сонымен қатар сенатор ТКЗ-12 мен Қазақ ұлттық университеті арасындағы екі жарым шақырым болатын жылу құбырын қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Ол жылу желілерін жаңарту әлеуметтік саланың барлық нысандары мен тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз ететінін және болуы мүмкін апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.
Жылу желілерін жаңарту және жақсарту – техникалық жаңарту ғана емес, сонымен қатар мектептерімізді, ауруханаларымызды және тұрғын үйлерімізді тұрақты және қауіпсіз жылумен қамтамасыз ету. Осы жұмыстардың арқасында біз төтенше жағдайлардың алдын алып, қыста азаматтарымызға қолайлы жағдай жасаймыз. Барлық жұмыс қатаң бақылауда және жоспарға сәйкес жүргізіледі, – деді Сұлтанбек Мәкежанов.