29 Қараша 2026, 13:03 Фото: Алматы әкімдігі

Алматының Медеу ауданында алғашқы сайлаушыларға тәтті сыйлықтар табысталды

Алматының Медеу ауданындағы №64 мектепте орналасқан №366 сайлау учаскесінде 29 қарашаның таңы жағымды тосынсыйлармен басталды. Дауыс беруге алғашқылардың бірі болып келген қала тұрғындарына шоколад табысталды.

Таңертең сайлау учаскесіне келгендердің арасында Алматы қаласының тұрғыны Ғалия Усманова да бар. Оның айтуынша, сайлауға қатысу азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

«Мен дауыс беруге үнемі қатысамын. Бүгін де сайлауға келдім. Әрбір адам өзінің азаматтық борышын орындауы керек деп есептеймін. Біз осындай керемет елде өмір сүріп жатырмыз. Ал сайлауға қатысу – Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілікті білдірудің бір мүмкіндігі», – деді Ғалия Шавкатқызы.

Еске салайық, бүгін Алматыда қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. 1 миллион 355 мыңнан астам сайлаушының дауыс беру құқығы бар. Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді, олардың 41-інде бір күндік тіркеу сервисі қолжетімді.

Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.