Алматының индустриялық аймағында 500-ге жуық жұмыс орны құрылды

Алматыда экономиканың дамуына қажетті ресурс жетерлік. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында әзірленген даму бағдарламасына сәйкес жалпы өңірлік өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2025 жылға қарай 6 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы ежелден елдегі кәсіпкерлік бастаманың орталығына айналған қала екені бәріне белгілі. 2022 жылғы деректерге сүйенсек, қалада ел экономикасының 1/5 бөлігі, бюджетке түсетін түсімнің 1/4 бөлігі қалыптасып отыр. Бұдан бөлек қалада шағын және орта бизнес айтарлықтай дамыған. Оған өңірлік экономиканың жартысына жуығы тиесілі. Себебі онда экономикалық белсенді халықтың 62,1 пайызы еңбек етеді. Осы ретте «Алматы қаласы Экономика басқармасы» Коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Ержан Шоратбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының оңтүстік шаҺарда қалай іске асырылып жатқаны туралы айтып берді.

- 2021-2025 жылдары жүзеге асырылатын жобаның іске қосылғанына үш жылға жуықтады. Алматы қаласында осы уақыт аралығында қандай шаралар атқарылды?

2022 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі (бұдан әрі - ЖӨӨ) 5,1 пайыз өсіммен 19 066,6 миллиард теңгені құрады. Экономика өсімінің драйверлері сауда (+28 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (+23 пайыз), көлік және қоймалау (+18,3 пайыз) болып отыр. Қалада 8,4 мың өнеркәсіптік кәсіпорын тіркелген. Сондай-ақ, салада 82,9 мыңнан астам адам немесе қаланың барлық жұмыспен қамтылған халқының 7,9 пайызы жұмыс істейді.

Өнеркәсіп көлемінің төрттен бірінен астамын құрайтын негізгі кәсіпорындар «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС, «Рахат» АҚ, «Қазферросталь» ЖШС, «Еуразиан Фудс Корпорэйшн» АҚ болып табылады.

2022 жылы өнеркәсіп көлемі 1717,3 миллиард теңгені құраған. Сонымен қатар, осы кезеңге 9,6 пайызға өсіп отыр. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің үлесі 86,6 пайызды құрайтынын айта кеткен жөн.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 113 пайызға жетіп, көлемі – 1487,3 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі салаларының ішінде машина жасау саласында 50,9 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте 18,9 пайызға, фармацевтикалық препараттар өндірісінде 14,7 пайызға, дайын металл бұйымдарында 11,2 пайызға көлемдердің өсуі байқалды.

Алматы қаласының индустриялық аймағының (бұдан әрі - АИА) аумағында 456 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 10,3 миллиард теңге сомасына 9 жоғары технологиялық жоба іске асырылды. Бұдан басқа, 1,3 миллиард теңгеге 3 шағын өнеркәсіптік парк іске қосылып отыр. Атап айтқанда «Qazaq Plast», «Alatau Industrial Park», «ALAESTATE». Алматыда жұмыс істеп тұрған тамақ өнеркәсібі зауыттары жаңғыртылды. Олардың қатарында «Камертон», «Ефко», «Цин-Каз», «Qulpynai Production» зауыттары бар.

2022 жылы 57,5 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 40,3 мыңы немесе 70 пайызы тұрақты жұмыс орны екенін айта кету керек. Бұл жұмыссыздық деңгейін 2021 жылғы 5,2 пайыздан 2022 жылы 5,0 пайызға дейін төмендету факторы болды. Сондай-ақ, жұмыссыздықтың төмендеуіне белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері санының 42,0 пайызға дейін өсуі ықпал етті. Бұл 292,7 мың бірлік жұмыс орнын құрайды. Жалпы, 2022 жылы 3,4 мың шағын және орта бизнес жобасы қолдау алды. Оған 131,5 миллиард теңге жұмсалды.

- Өңірдегі креативті индустрияларды дамыту шеңберінде қандай шаралар ұйымдастырылды?

Креативті индустрияларды дамыту шеңберінде 30 халықаралық ұйымдардан 130 спикердің қатысуымен «Almaty creative Week» бірінші халықаралық форумы өткізілді. Сонымен қатар, «Almaty creative» креативті индустрияларды дамыту орталығы» құрылды. Бұдан бөлек, креативті индустриялар субъектілері үшін гранттық қолдаудың өңірлік ережелері әзірленді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша туристтер саны 48,3 пайызға өсіп, 1,8 миллион адамды құрады. Оның ішінде ішкі туристтер саны 1,4 миллион адамға жетті (+31,6 пайыз). Ал шетелден келгендер саны 417 мың адамға жетіп, 2,5 есеге көбейген. 2022 жылы қонақ үйлердегі нөмірлік қордың саны 384 бірлікті құрады. Ал біржолғы сыйымдылығы 24 мыңнан астам төсек-орынды қамтиды.

2022 жылы ұзындығы шамамен 150 шақырым 12 тау бағытын және 3 кемпинг-аймақты абаттандыру жұмыстары аяқталды.

Туризмді ілгерілету шеңберінде VI Халықаралық қонақ үй форумы, AlmatyMountFest 2022, gastrofest 2022 өткізілді. Сондай-ақ бірқатар спорттық-мәдени іс-шараларға ақпараттық қолдау көрсетілді. Олардың қатарында Ocean Man Kazakhstan 2022, Алматы марафоны, LP және Димаш Құдайбергеннің концерттері бар.

- 2025 жылға дейін қалада қандай шараларды қолға алу жоспарда бар?

Алматыны 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасына сәйкес қаланың болашақта даму жетістігі оның экономикасының тұрақты өсуімен, қаржылық кірістерімен және инвестицияларды белсенді тартуымен айқындалады.

Өңдеу өнеркәсібін тиімді дамыту ШОБ үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру қажеттілігін көздейді. Алматының Индустриялық аймағында жаңа шағын өнеркәсіптік парктер құрылады. Сондай-ақ, Алатау АТП АЭА дамыту есебінен өнеркәсіптік алаңдардың саны ұлғаяды.

Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер (бұдан әрі - ШӨП) аумақтарында өндірісті дамытуды ынталандыру мақсатында 2023 жылға дейін жаңа жеңілдікті кредиттік өнім – «өнеркәсіптік ипотека» әзірленіп, енгізіледі.

2025 жылдың соңына дейін 4,5 мың тұрақты жұмыс орнын құрылмақ. 400-ден астам жаңа өндірістерді орналастыру үшін шағын өнеркәсіптік парктердің алаңы 50 жаңа ШӨП салу арқылы 250 мың м2 дейін ұлғайтылады. Жеке инвестициялар сомасы шамамен 100 миллиард теңгені құрайды.

Алматының Индустриялық аймағы аумағын 190 гектарға кеңейту жоспарлануда. АИА екінші кезеңінің инфрақұрылымын салуға республикалық бюджеттен шамамен 40 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде.

Ал «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы аумағында 2025 жылға дейін 15,3 миллиард теңгеге жуық жеке инвестицияларды тарта отырып, кемінде 10 жоғары технологиялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін 1,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартып, медициналық бұйымдар мен жабдықтар шығаратын зауытты пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұл шаралар тоқтап тұрған өнеркәсіптік базаларды экономикалық айналымға енгізуге ықпал ете отырып, өнімділігі жоғары жұмыс орындары мен бәсекеге қабілетті өндірістер құруға мүмкіндік береді.

2025 жылдың соңына дейін АИА кластерлерінің аумағында шамамен 160 миллиард теңге көлемінде жеке инвестицияларды тарта отырып, 37 жаңа өндіріс, оның ішінде автомобиль жасауда – 8, жиһаз жасауда – 4, тамақ өнеркәсібінде – 9 және құрылыс индустриясында 16 жаңа өндіріс іске қосылады.

Сондай-ақ, «Алатау» АТП АЭА фармацевтика және медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісі саласындағы кластерлерді дамыту әлеуетіне ие екенін айта кеткен жөн. 2025 жылдың соңына дейін 12 миллиард теңге сомасына 5 жоба іске асырылады.

Қала экономикасының тұрақты дамуына бағытталған сапалы инвестициялар тарту да ерекше маңызға ие. Осы мақсат үшін Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі Инвестициялық картасы бекітіледі. Сонымен қатар инвестицияларды тарту жөніндегі «Almaty Invest» қалалық фронт-офисі құрылады.

Жоспарды іске асыру - қажетті өнеркәсіптік алаңдар мен қолайлы іскерлік ортаны құру арқылы қаланың өңдеуші өнеркәсібін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Бұл ЖӨӨ құрылымында саланың үлесін және инвестицияларды ұлғайту, сондай-ақ еңбек өнімділігі жоғары сапалы жұмыс орындарын құру арқасында қала экономикасының тұрақты дамуын қалыптастыруға оң әсер етеді. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін жыл сайын 5 пайызға өсу қарқынымен 2025 жылға қарай бір жұмыспен қамтылғанға 35 мың АҚШ долларына дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар ЖӨӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2025 жылға қарай 6 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұл көрсеткіштер жан басына шаққандағы ЖӨӨ-ге 2025 жылы 21 мың АҚШ долларына дейін қол жеткізуге, халықтың табысын 2025 жылы 265 мың теңгеге дейін өсіруге бағытталады.

Туристік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де жіті көңіл бөлінген. Халықаралық қонақ үй желілерін тарту және қонақүйлер салу есебінен нөмірлік қорды 3 есеге кеңейту көзделген.

2024 жылы заманауи өнер музейі ашылады. Ол Алматыдағы Орталық Азияның жаңа тартылыс нүктесіне айналмақ. Жобаның жалпы құны – 48 миллиард теңгеге бағаланған.

2025 жылдың соңына дейін әлемдік деңгейдегі ірі MICE-ивенттерді өткізу үшін үлкен Конгресс-орталық салынады. Жобаның жалпы құны шамамен – 80 миллиард теңге болады деп күтілуде.

Бұдан бөлек 2025 жылы 11 мың көрерменге есептелген заманауи Концерт залының құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны – 16 миллиард теңге.

Қалалық курорттарды кеңейту мақсатында 2025 жылдың соңына дейін «ЦСКА» тау-шаңғысы базасын, «Шымбұлақ» және «Бутаковка» курорттарын кезең-кезеңімен реконстраукцияланады. Бұған 150 миллиард теңгедей қаражат жұмсалады.

Бұдан бөлек туризмді толыққанды дамыту үшін Discover Almaty туристік бренді ілгерілейтін болады. Қызмет көрсету сапасын арттыру үшін цифрлық карталар әзірленеді.

Биыл халықаралық деңгейдегі 20 шара өткізу жоспарланып отыр. Оның болжамды құны - 3,2 миллиард теңге. 2025 жылға қарай халықаралық іс-шаралар саны 30-ға дейін ұлғаяды.

Бұл шаралар Алматының Орталық Азия макроөңіріндегі тартылыс орталығына айналуына септігін тигізбек.

2025 жылға қарай туристер саны 450 мың адамға дейін өседі деп күтіледі. Бұл туристік қызметтер экспортына 260 миллиард теңге пайда әкеледі.

- Қалада ұлттық жобаны іске асыру барысында біршама міндетке қол жеткізу көзделген. Атап айтқанда 2019 жылғы деңгейге қарағанда халықтың табысының 2019 жылғы бағамен 27,1 пайызға өсетіні көрсетілген. Қала бойынша бұл көрсеткіштер қандай? Аталған міндеттер қаншалықты орындалды?

Ұлттық жобада Қазақстан Республикасы «Халықтың нақты ақшалай табысының 2019 жылғы деңгейге 2019 жылғы бағамен өсуі» көрсеткіші бойынша 27,1 пайыз болып белгіленді. Ал Алматы қаласы бойынша бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 24,4 пайыз деңгейінде айқындалатын болады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жоғарыда аталған индикатор бойынша 9,8 пайыз жоспар бойынша факт 6,5 пайызды құрады. Бұл ретте халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы номиналды мәнде 17,7 пайызға, нақты мәнде 2,5 пайызға өсумен 211 270 теңгені құрады.

Ұлттық жоба бойынша тұтастай Қазақстан Республикасы бойынша өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің орташа жалақысы 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 31,5 пайызға өскен.

Алматы қаласы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі орташа айлық атаулы жалақы 2021 жылы 256 748 теңгені, 2022 жылы – 303 687 теңгені құрады. Бұл ретте атаулы өсім 18,3 пайызға жеткен.

Жобада 2020 жылға қарай электр энергетикасы саласындағы қызметкерлердің орташа жалақысының 50 пайызға өскені белгіленген.

Алматы қаласы бойынша электр энергетикасы саласындағы орташа айлық атаулы жалақы 2021 жылы 275 949 теңгені, 2022 жылы – 347 882 теңгені құрады. Ал атаулы өсім 26,1 пайызға жетіп отыр.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы