Алматының Жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 70 мыңға жуық азамат келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 70 мыңға жуық азамат келген.

Осыған байланысты орталық жұмысынан айырылған және жұмыс табу үшін не істеу керектігін білмей жүрген қазақстандықтар үшін ақпарат ұсынып отыр. 

2020 жылдың өзінде-ақ Алматының халықты Жұмыспен қамту орталығына 69 290 азамат келген екен. Олар Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына сәйкес, қалада тіркеуде тұрса, ашық вакансиялар туралы мәліметке ие бола алады. Орталықтың мамандары қандай мамандық сұраныста екенін айтып, келген кісіге ресми түрде жұмыссыз мәртебесін алуға көмектеседі, - дейді Алматы қаласы халықты Жұмыспен қамту орталығының ізденушілерді қолдау бөлімінің жетекшісі Әділет Жаңабаев.   

Жалпы, Жаңабаевтың айтуынша, адам жұмыссыз болғаны үшін оған ешқандай жәрдемақы көзделмеген. Бірақ елімізде азамат жұмысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақы көзделген. Ол жәрдемақыны алу үшін ол адам әлеуметтік сақтандыру қорына соңғы 24 айдың кемі алты айында аударым жасаған болуы шарт. Және Жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыссыз ретінде тіркелуге міндетті. 


Орталық мамандары сіздің тіркеуіңізден кейін үш жұмыс күнінде сіздің мамандығыңызға немесе сіздің уақытыңызға сай келетін вакансияларды ұсынады. Осы үш күн ішінде сізге сай келетін жұмыс табылмаса, сіз ресми түрде жұмыссыз болып тіркелесіз және жұмыстан айырылуға байланысты жәрдемақы алу үшін төлем жасау орталығына анықтама аласыз, - дейді орталық мамандары.   

Осылайша, ресми түрде жұмыссыз мәртебесін алған азамат әлеуметтік тәуекелдер кезінде немесе жұмысынан айырылғанда әлеуметтік төлем алуға құқылы. Егер сіз әлеуметтік сақтандыру қорына қатыспасаңыз, әлеуметтік төлем ала алмайсыз. Ал егер де барлық талапқа сай болсаңыз, egov.kz порталы арқылы немесе Алматының халықты Жұмыспен қамту орталығына өтініш бересіз. Өзіңізбен бірге жеке куәлік алсаңыз жеткілікті.   

Кейін жұмыссыз ретінде тіркеліп тұрған азаматты орталық кәсіби қайта оқытуға, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмысқа, тіпті тұрақты жұмысқа жолдайды. Ең бастысы, егер жұмыссыз адам ұсынылған жұмыстардан бас тартса немесе жұмыс іздеуге ниет танытпаса, ол есептен алынады және халықты Жұмыспен қамту орталығына тек бір айдан кейін ғана қайта тіркеле алады, - деп хабарлайды Алматы қаласы халықты Жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы