2 Қараша 2026, 08:54 Фото: Энергетика министрлігі

Алматының электр желілерінде жұмысшыларға арналған ақылды каскалар енгізілді

Жаңа технология еңбек қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп, өндірістік жарақаттану қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Алматы қаласы мен Алматы облысында электр желілеріне қызмет көрсететін жедел-көшпелі бригадалар экшн-камералармен жабдықталған ақылды каскаларды пайдаланып жатыр. Бұл бастама өндірістік қауіпсіздікті арттырып, жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ 2024 жылы экшн-камераларды пилоттық жоба аясында енгізе бастаған. Қазіргі уақытта олардың саны 268-ге жетті. Бүгінде электр желілері аудандарының барлық жедел-көшпелі бригадалары ақылды каскалармен қамтамасыз етілген. Ал шеберлер бригадаларын жабдықтау жұмыстары жалғасуда.

Камералар жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Энергетикалық нысандардың басшылары, диспетчерлер мен еңбекті қорғау мамандары ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтап, қажет болған жағдайда жұмысты тоқтатуды талап ете алады.

Сонымен қатар бейнежазбалар тұрақты түрде талданып, анықталған заңбұзушылықтар бойынша қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қосымша нұсқамалар беріледі.

Жаңа технология еңбек қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп, өндірістік жарақаттану қаупін азайтуға мүмкіндік береді.