Алматының Бостандық ауданында жаңа емхана салынады
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты.
Бостандық ауданының тұрғындарына мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 28 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Қала қарамағында 10 стационар және 4 емхана бар, оларға 286 мың халық тіркелген.
Әкімнің айтуынша, аудандағы 3 мемлекеттік емханада орын жоқ, бұл қызмет көрсету сапасына, кезектілікке кері әсер етеді.
№4 емханада есепте тұрғандар саны - 88 860, № 12 емханада - 63 545, № 17 емханада – 83 301. 7 емханада – 53 200. Ауданда 7 жеке меншік емхана бар, онда 53,5 мың тұрғын тіркелген. Әл-Фараби даңғылының оңтүстігіне қарай 2 отбасылық-дәрігерлік амбулатория орналасқан, олар 26 мың адамға қызмет көрсетеді. Сондықтан, барлық жүктеме мемлекеттік емханаларға түседі,-деді Досаев.
Сондай-ақ ол әл-Фараби даңғылынан жоғары тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін 500 келушіге арналған емхана құрылысына жеке меншіктен жер учаскесін сатып алу үшін келіссөздер жүргізіп жатқанын жеткізді.
15 мамырға дейін емхана салынатын жерді анықтаймыз және жылдың соңына дейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жыл соңына дейін «Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының» төрт қабатты жаңа корпусының құрылысы аяқталады, онда заманауи қабылдау бөлмесі, реанимация, операциялық және нейрохирургия бөлімшесі мен толық жабдықталған зертхана болады,-деді ол.