Алматының Бостандық ауданында қосалқы электр стансасын салу басталды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифингте айтты.

Алматы қаласын «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамыту қолға алынғаны белгілі. Былтыр жыл аяғында Алматы қаласы мәслихатының сессиясында «Алматы-2050» даму стратегиясы бекітілді. Аталған стратегиялық құжат, ең алдымен, алматылықтардың өзекті мәселелерін тиімді шешу мен халықтың әл-ауқатын арттыруды көздеп отыр.  

Аудан әкімі осыған орай жаңадан қосылған Алатау, Ерменсай, Нұрлытау, Жайлау, Көкшоқы, Алмарасан, Қарғалы сияқты шағын аудандарды дамыту міндеті тұрғанын айтты. 

Бұл шағын аудандардағы коммуналдық-шаруашылық мәселелері, сыртқы жарықтандырумен қамту, сапалы ауыз су мәселесін шешу және жол инфрақұрылымы мен көріктендіруге қатысты сұрақтар алдыңғы қатарға шығады. Өткен жылы осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, инженерлік желілердің құрылысы бойынша 3,4 шақырым су құбыры қайта жөнделді, 515 метр жылу құбыры жөнделді және 2,9 шақырым электр желілелі салынды,-деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, былтыр Алмагүл шағын ауданы жанынан ұзындығы 4,8 шақырымды құрайтын электр желілері мен қосалқы станса салу жұмыстары басталған. Жобаның құны 8,6 млрд теңгені құрайды. 

Аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Нұрлытау шағын ауданында су тазалау құрылғысын салуға жоба сметалық құжаттама әзірленуде. Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Аталған жобаның құны шамамен 6 млрд теңгені құрап, жоба іске асқан жағдайда су тазалау құрылғысы тәулігіне 9000 куб су өндіреді деп күтілуде. Жоба сметалық құжаттама биыл дайын болады. Сонымен қатар, Нұрлытау шағын ауданында жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын су және кәріз құбырларының құрылысына жоба сметалық құжаттама дайындалуда,-деді Алтай Рахымбетов. 

Бостандық ауданы - Алматы қаласының ірі әкімшілік және мәдени орталығы. Бүгінгі таңда аудан аумағы 9 мың 943, 2 гектар жерді құрайды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы