Алматының бір ауданында 3 күнге локдаун жарияланды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігі жаңа қаулы бойынша 3 күнге (31 шілде, 1,2 тамыз) локдаун жарияланғанын мәлімдеді.

Жаңа қаулы бойынша аудан аумағындағы жол бойында мал союға және өткізуге, көліктен мал сату және жеке үйлерден мал сатуға тыйым салынады.

Ауданның орталық мешіті белгілеген онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, мал сою цехтары мен базарлардың қызметін 31 шілдеден 2 тамызға дейін тоқтатылады. Талғар қаласындағы "Әділет", Панфилов ауылындағы "Жұлдыз" және Тұздыбастау ауылдық округіндегі "Сұлтан агрорыногы" базарларының мал сою алаңдары ғана жұмыс істейді. Тасжол бойында рұқсат етілмеген сауда-саттық орындары (көкөністер және жеміс-жидектер, саумал, қымыз және т.б.) жабылады, - делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, жабық базарлар, оның ішінде жабық ет павильондары, мейрамханалар, кафелер, бар, жазғы алаңдар, сауналар, бассейндер, моншалар, сұлулық салондары мен шаштараздар қызметтеріне тыйым салынатыны да айтылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы