10 Шілде 2026, 13:47 Фото: ©️ BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Алматының Баум тоғайында қауіпті қураған ағаштар қаптаған: Ормандағы жағдай қандай?

Тоғайдың жалпы ауданы 137,7 гектар.

Алматыдағы Баум тоғайында қураған ағаштар тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Жуырда осындай ағаштардың бірі 19 жастағы қыздың үстіне құлап, ол ауыр хәлде ауруханаға түсті. Оқиғадан кейін BAQ.KZ тілшісі Баум тоғайына барып, жағдайды көзбен көріп қайтты. Тоғайдың әр тұсында қураған, құлаудың аз-ақ алдында тұрған ағаштар көп.

Алматыда Баум тоғайында 19 жасар қыз Селин Абитованың үстіне ағаш құлап кеткен болатын. Қайғылы оқиға 27 маусым күні болған. Селиннің туыстары тоғайда құрғап, құлап түсуі мүмкін ағаштар көп екенін ескерткен болатын. 

Тоғай туралы 

Тоғайдың жалпы ауданы 137,7 гектар. Оңтүстіктен солтүстікке қарай ұзындығы 3,5 шақырым, ені 0,4 шақырымнан 0,9 шақырымға дейін созылады.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Тарихи тұрғыдан «Орман қазыналық тоғайы» 1877 жылы генерал-губернатор Колпаковскийдің бұйрығымен, қаланы шаңды дауылдардан, аптап ыстықтан және топырақ эрозиясынан қорғау мақсатында негізі қаланған.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Агроном-орманшы Эдуард Баумның басшылығымен қолдан жасалған орман құрылып, аумағы абаттандырылып, тоғайды суармалы сумен қамтамасыз ету үшін арықтардың ирригациялық желісі тартылды.

1894 жылы негізгі жұмыстар аяқталғаннан кейін тоғайға "Баум тоғайы" деген атау берілген. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Тоғайда негізінен ұсақ жапырақты қарағаш және жылтыр қарағаш, сондай-ақ емен, қайың, шаған, жөке, үйеңкі және терек секілді жапырақты ағаштар көп. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Тоғайдың фаунасында жануарлардың, құстардың, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 223 түрі бар.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Баум тоғайы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатады. Алайда тоғайдың ішінде тазалық жұмыстары көп жүргізілмейтіндей көрінді. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Тоғай аумағына барған сәтімізде көзге бірден түскені - тамыры әлсіреп, кез келген сәтте құлауы мүмкін қисайған ағаштар өте көп.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина
 
Тоғайдағы кейбір ағаштардың бұтақтарын күтіп-баптауға жауапты мамандардың өздері кесіп кеткені байқалады. 
 
Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Жол бойында құлап жатқан діңгегі қалың ағаштар көп. Олардың өзі құлағаны не құлатқаны белгісіз. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

 Тоғайда құлап жатқан ескі ағаштар көп. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Одан бөлек, құлаудың аз-ақ алдында тұрған ағаштар да көп. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Жоғарыда қурап, қауіпті еңкейген ағаштар көзге бірден түседі. Олардың қай уақытта сынып түсетіні белгісіз, сондықтан бұл аумақтан өткен әрбір адамның қауіпсіздігіне алаңдауға негіз бар.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Тоғайда балалар жиі ойнайды. Ал олардың қураған немесе құлағалы тұрған ағаштардың қаупін бағамдай алмауы әбден мүмкін.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Жаяу жүргіншілер жүретін жол бойында қурап жатқан ағаштар да бар. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Біздің байқауымызша, тоғай аумағында қауіпті күйге түскен, қураған әрі қатты иілген ағаштар аз емес. Олардың кейбірі кез келген сәтте сынып немесе тамырымен қопарылып құлауы ықтимал. Мұндай жағдай серуендеушілер мен осы аумақтан өтетін тұрғындардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Егер уақытылы санитарлық тексеру жүргізіліп, апатты ағаштар кесілмесе, кез келген сәтте олардың адамның үстіне құлап, қайғылы жағдайға әкелуі әбден мүмкін.