Бүгiн 2026, 16:14 Фото: Алматы әкімдігінен

Алматының Бас жоспары талқыланды: Тұрғындар қандай талаптар қойды?

Тұрғындар онлайн форматта Бас жоспардың талқылауына қатыса алмағанымен, бірнеше талабын айтып үлгерді.

Алматының жаңартылған Бас жоспары бүгін қоғамдық талқылауға шығарылды. Алайда талқылаудың ашықтығы мен ұйымдастырылуына тұрғындар бірден наразылық білдіріп, онлайн трансляция көрсетілмегенін және офлайн қатысушыларға қолайлы жағдай жасалмағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматының Бас жоспарын талқылау онлайн және офлайн форматта өтетіні алдын ала хабарланған. Алайда онлайн қатысуды таңдаған тұрғындар уәде етілгендей талқылауды көре алмады. Zoom платформасында екі бөлек эфир ұйымдастырылған. Экологиялық мәселелерге арналған конференцияға қатысушыларды қосқанымен, тікелей эфир көрсетілмеді.  

Онлайн жиыннан скриншот

Біз бәріміз Бас жоспардың соңғы өзгерістерімен келіспейтін тұрғындар ретінде қосылдық. Бірақ бізге Бас жоспарды талқылаудың тікелей көрсетілімі көрсетілмей отыр. Онлайн жиынды ұйымдастырушы біздің хабарламаларымызға жауап бермейді, байланысқа шықпайды. Қазір бәріміз қашан қосады екен деп күтіп отырмыз. Конференцияда жетпіске жуық қатысушы бар, бірақ сәулет басқармасынан ешкім жоқ. Әлі де күтіп отырмыз, - дейді онлайн қатысушылардың бірі. 

Онлайн қатысушылар эфирді жиынға қатысқан тұрғынның арқасында ғана көре алды. Себебі жиынға офлайн қатысқан тұрғын Zoom-ға қосылып, жиында не айтылып жатқанын көрсетіп отырды.

Ал Бас жоспарға арналған екінші талқылау эфиріне онлайн қатысушылар мүлде кіре алмады. 

Офлайн форматта өткен жиынға келгендер де ұйымдастыру деңгейіне шағымданды. Олардың айтуынша, залда адам тым көп болған, желдету жеткіліксіз болып, ауа жетіспеген. Осылайша, Алматының басты қала құрылысы құжатын қоғамдық талқылау алғашқы сағаттардан-ақ ашықтық пен ұйымдастыру мәселесіне байланысты сынға ұшырады.

10.31-де ұйымдастырушылар онлайн форматта қатысып отырғандарға тікелей эфирді әлі ұйымдастырмады. Осы сәтте залда қатысып отырған тұрғынның телефоны да өшіп, онлайн көріп отырғандар эфирді көре алмады. 

Әкімдік не дейді? 

Алматы әкімдігі стратегиялық экологиялық бағалау аясында қаланың Бас жоспарына енгізілетін түзетулер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткенін хабарлады. Басқосудың негізгі тақырыбы – қаланы экологиялық тұрғыдан орнықты дамытуға бағытталған даму сценарийі болған. Сонымен қатар, талқылау барысында сарапшылар атмосфералық ауаның ластануына әсер ететін негізгі факторларды талдау нәтижелерін ұсынып, экологиялық ахуалды жақсартудың басым бағыттарын атаған. 

Халықтың шағымы

Онлайн жиынға жиналған халық тыңдауларды толық көре алмаса да қаланың бас жоспарына қатысты шағымдарын жазып үлгерді. Солардың бірі - қала тұрғыны Анна Чернова. Ол жеке секторды бұзуға және қаладағы тығыз құрылысқа қарсы шықты. 

Ол ұсынылып отырған тұжырымдаманың бірқатар тармағымен келіспейтінін айтып, қала билігін жобаны қайта қарауға шақырды.

"Қала тығыз құрылыс салу дұрыс шешім емес"

Анна Чернова ең алдымен қаланы қазіргі шекарасы аясында бос аумақтарды игеру және жеке секторды бұзу арқылы тығыз салу идеясына қарсы екенін мәлімдеді.

Мен қаланы қазіргі шекарасы ішінде бос аумақтарды игеру және жеке секторды бұзу арқылы тығыз салуға қарсымын. Мұндай шешім қала инфрақұрылымы мен инженерлік желілерге шамадан тыс салмақ түсіреді. Сонымен қатар, экологиялық және әлеуметтік жүктемені де айтарлықтай арттырады деп есептеймін, – деді ол.

"Қаланы солтүстікке кеңейтуге болады"

Тұрғын Бас жоспарда Алматының шекарасын солтүстік бағытта Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (ҮАААЖ) дейін кеңейту тиімсіз деп көрсетілген тұжырыммен де келіспейтінін айтты.

Чернованың пікірінше, жоба авторлары келтірген уәждер – көлік ағынының көбеюі, бағыттардың ұзақтығы, сейсмикалық қауіпті аумақтарды игеру және қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымынан шалғай орналасу мәселелері – жеткілікті негізделмеген.

Алматының бүкіл аумағы 9–10 балдық сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан бұл факторды тек қаланың солтүстік бөлігіне ғана қатысты қолдану дұрыс емес, – деді ол.

Оның айтуынша, қоқыс полигондары Қонаев қаласы бағытында орналасқандықтан, қоқыс өңдеу зауыттарын да сол маңда салу қажет. Сонымен қатар, Анна Чернова қазірдің өзінде Алатау қаласының құрылысына негіз қаланғанын еске салды.

Алатау қаласы Алматының солтүстік маңындағы тұрғындарды баспанамен және жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алады. Бұл өз кезегінде Алматыдағы көші-қонды азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, қаланы солтүстікке қарай кеңейту Президенттің тау бөктеріндегі аумақтарды құрылысқа бермеу жөніндегі тапсырмасын орындауға да ықпал етеді, – деді тұрғын.

Чернова Алматыдағы жеке үйлерді жаппай сүру тұжырымдамасына да қарсы екенін жеткізді.

Жеке үйдің тұрғындары өз қаражаты мен еңбегінің арқасында ағаштарды, жасыл желекті күтіп-баптайды, өз аулаларында және көшелердің бойында жеміс ағаштарын өсіреді, – деді ол.

Оның пікірінше, егер жеке сектор жойылса, Алматы "Бақ-қала" және "Жасыл қала" мәртебесінен айырылуы мүмкін.

Президент Алматының осы мәртебесін сақтап қалуды тапсырған. Сондықтан жеке секторды толықтай жою дұрыс емес, – деп есептейді тұрғын.

Чернова сондай-ақ Алматының солтүстігінде игерілмеген аумақтардың жеткілікті екенін атап өтті.

Құрылысты жеке секторға қол сұқпай-ақ, сол бос аумақтарда жүргізуге болады. Бұл жеке үйлерде тұрғысы келетін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін де бұзбайды, – деді ол.

Тұрғынның талаптары

Анна Чернова қоғамдық талқылау аясында қала әкімдігінен екі ұсынысын қарастыруды сұрады.

Біріншіден, ол Алматыны қазіргі шекарасы аясында жеке сектор есебінен тығыз салу туралы шешімді қайта қарап, одан бас тартуды талап етті. Екіншіден, тұрғын қаланы солтүстік және солтүстік-батыс бағытқа қарай кеңейтіп, бос жатқан аумақтарды игеруге негізделген балама даму жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Осы ескертулерімді қоғамдық талқылау материалдарына енгізіп, қарау нәтижесі бойынша ресми жауап берулеріңізді сұраймын, – деп түйіндеді Анна Чернова.

Тау бөктеріндегі құрылысқа қатысты шағым

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Грушовая көшесінің тұрғындары да қаланың Бас жоспарына енгізілген тау бөктеріндегі жол құрылысы жобасына қарсылық білдірді. Тұрғындардың атынан сөйлеген Инна Алхимова экологиялық қауіптер ескерілмегенін айтып, жобаны қайта қарауды талап етті.

Инна Алхимованың айтуынша, тұрғындардың ескертулері қоғамдық талқылау порталы арқылы толық көлемде жолданған.

Оның сөзінше, Бас жоспардың төртінші томындағы 3.4-суретте Бостандық ауданында ұзындығы 8,4 шақырым болатын тау бөктеріндегі жолдар бағдарламасы қарастырылған. Бұл жоба 264 жер учаскесін қамтиды және оның бір бөлігі ретінде Грушовая көшесін кеңейту үшін тұрғын үйлерді бұзу жоспарланған.

Бұл бағдарламаның экологиялық салдары стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) есебінде мүлде қарастырылмаған. Ал есептің 3.5.7-бөлімінде сел және көшкін қаупі бар аумақтарда арнайы инженерлік-геологиялық зерттеу жүргізілмейінше жаңа құрылыс салуға болмайтыны нақты көрсетілген және бұл талап міндетті деп белгіленген, – деді тұрғын.

Алхимова есептің өзінде Бостандық ауданы көшкін, сел және қар көшкіні қаупі қатар кездесетін үш негізгі ауданның бірі ретінде көрсетілгенін атап өтті.

Есепке сәйкес, сел жүру қаупі ең жоғары аймақ дәл осы Бостандық ауданында орналасқан, – деді ол.

Тұрғындардың талаптары

Грушовая көшесінің тұрғындары қала әкімдігінен Бас жоспар бекітілгенге дейін бірнеше ұсынысты қарастыруды сұрады. Біріншіден, олар Экологиялық кодекстің 57-бабына сәйкес, тау бөктеріндегі аймаққа араласпайтын балама нұсқалармен салыстыра отырып, бұл жолдардың шынымен қажет екенін бағалауды талап етті.

Бас жоспар бекітілгенге дейін бұл жолдардың қажеттілігіне толық баға беріліп, тау бөктеріне қол сұқпайтын балама шешімдер қарастырылуы тиіс, – деді Алхимова.

Екіншіден, тұрғындар стратегиялық экологиялық бағалау есебінің 7.3-тармағына инженерлік-геологиялық және гидрологиялық зерттеулер жүргізілмейінше, сондай-ақ табиғатқа әсері толық бағаланбайынша тау бөктеріндегі аумақта жолдарды жобалауға және салуға тыйым салатын норманы енгізуді ұсынды.

Бұл талап Экологиялық кодекстің 58 және 62-баптарына сәйкес бекітілуі қажет, – деді тұрғын.

Сондай-ақ олар өздерінің барлық ескертулерін қоғамдық талқылаудың қорытынды кестесіне енгізіп, әрбір ұсыныс бойынша уәжді әрі ресми жауап беруді сұрады.