Алматының бас жоспары қоғамдық талқылауға ұсынылды

Қаланың барлық ауданында жайлы қалалық орта құру және өмір сүру сапасын арттыру. Бұл Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарының басты мақсаты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі бас жоспар 20 жылдан астам уақыт бұрын – 2002 жылы бекітілген және қала қажеттілігінің өсуі ескерілмеген. Бұл уақытта қала аумағы 33898 гектардан 70348 гектарға дейін, яғни екі еседен астам өсті. Алматы халқы 2,1 млн адамға дейін көбейді. Қала агломерация орталығына айналды, экономикасы өзгерді. 

Қаланың екі есе ұлғаюы аудандардың әлеуметтік, инженерлік, көліктік және өзге де инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейіне кері әсерін тигізді. 

Жаңа құжатты әзірлеу кезінде озық цифрлық технологиялар және әлемдік дизайн тәжірибесі (Space Syntax) пайдаланылды. Модельдеу құралдары дамудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салдарын және олардың ұтқырлыққа, жер құнына және адамның денсаулығына қалай әсер ететінін болжайды. 

Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары үш күн бойы талқыға түседі. Оған қала кеңесінің мүшелері, тәуелсіз сарапшылар, сәулетшілер, құрылысшылар, сейсмологтар, экологтар және т.б. қатысады. Үшінші күні бұған қала тұрғындары да атсалысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы