29 Қыркүйек 2026, 11:40 Фото: ©️ BAQ.KZ

Алматының Алмалы ауданында жөндеу жұмыстары кезінде шаң неге көбейеді? Әкімдік түсініктеме берді

Алматыдағы Алмалы ауданында жүзеге асырылып жатқан «Халық қатысатын бюджет» жобалары кезінде тұрғындар тарапынан шаң-тозаңға қатысты шағымдар жиілеген. Әсіресе Айманов көшесіндегі абаттандыру жұмыстары барысында кейбір учаскелерде брусчатка төсеу кешігіп, жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туындаған. Бұл мәселеге Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, брусчатка төсеу абаттандыру жұмыстарының соңғы кезеңі болып саналады. Оған дейін аумақты көгалдандыру, кабель тарту, габион орнату және автоматты суару жүйесін жүргізу сияқты жұмыстар атқарылады.

Брусчатка кейін шөгіп кетпеуі үшін оны ең соңында төсейміз. Сондықтан белгілі бір уақыт аралығында тротуар бөліктері ашық күйінде қалуы мүмкін, – деді аудан әкімі.

Арман Шамшиннің сөзінше, кей жағдайда жұмыстардың арасындағы үзіліс құрылыс материалдарын жеткізу мерзіміне байланысты болады. Өйткені «Халық қатысатын бюджет» аясында қолданылатын материалдарды тұрғындардың өзі таңдайды. Сол себепті тапсырыс берілген материалдар жеткізілгенше белгілі бір уақыт қажет.

Шаң көтерілмеуі үшін мердігерлерге талап қойылған

Аудан әкімі дәл осы кезеңде тұрғындарды алаңдататын негізгі мәселе – шаң екенін атап өтті.

Материалдарды күту кезеңінде мердігер ұйымдар шаң көтерілмеуі үшін аумақты тұрақты түрде суарып отыруы тиіс. Бұл талап біздің бақылауымызда, – деді ол.

Сонымен қатар әкімдік тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін құрылыс жүріп жатқан аумақтарда уақытша балама жолдар ұйымдастырылатынын мәлімдеді.

Егер негізгі өткел жабылса, міндетті түрде қауіпсіз балама жол қарастырылады. Жаяу жүргіншілердің қозғалысы шектелмеуі керек, – деді Арман Шамшин.

Аудандағы 19 жоба бақылауда

Әкімнің мәліметінше, қазір Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 19 жоба іске асырылып жатыр.

Ол барлық нысан мен құрылыс кезеңдері әкімдік бақылауында екенін айтып, мердігерлер тұрғындарға келетін қолайсыздықты барынша азайтуға міндетті екенін жеткізді.

Жобалардың жүзеге асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Тұрғындардың шаң-тозаң мен қауіпсіздікке қатысты мәселелері назардан тыс қалмайды, – деді аудан әкімі.