23 Қыркүйек 2026, 11:27 Фото: ©BAQ.KZ/ Жасанды интеллект

Алматының Алатау ауданындағы көпжылдық мәселе биыл шешіле ме?

Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев аудандағы инженерлік инфрақұрылым мәселелерін шешу жұмыстары туралы айтты. Оның сөзінше, биыл жыл соңына дейін Мәдениет және Теректі ықшамаудандарындағы негізгі жобалар толық аяқталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әкімнің мәліметінше, қазіргі таңда Мәдениет ықшамауданында су және кәріз желілерін тарту жұмыстарының 95%-ы орындалған. Жобаны аяқтау мерзімі желтоқсан айына жоспарланған.

Ал Теректі ықшамауданында жұмыстардың дайындық деңгейі 90–95%-ға жеткен. Негізгі келісімшарт бойынша жоба 2027 жылы аяқталуы тиіс болғанымен, аудан әкімдігі оны мерзімінен бұрын аяқтап, осы жылдың желтоқсанына дейін пайдалануға беруді көздеп отыр.

Наурыз айында Алатау ауданындағы инженерлік мәселелерді толық шешеміз деп айтқан болатынбыз. Қазір Мәдениет ықшамауданындағы жұмыстардың 95%-ы аяқталды. Теректіде де көрсеткіш шамамен 90–95%. Жоба 2027 жылға жоспарланғанымен, оны биыл желтоқсанға дейін аяқтаймыз. Қазірдің өзінде Мәдениет пен Теректіге су кезең-кезеңімен беріліп жатыр, – деді Данияр Қырықбаев ӨКҚ алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар биыл Айгерім ықшамауданында да инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары басталған. Бұл жоба келесі жылға өтпелі болады.

Әкімнің айтуынша, Айгерім ықшамауданында инфрақұрылым құрылысы 2016 жылдан бері қолға алынуы тиіс болған, алайда нақты жұмыстар тек биыл басталған.

Сондай-ақ 13 және 14-ықшамаудандарда да инженерлік желілер құрылысы басталды. Бұл жобалардың келісімшарт мерзімі 2027 жылға дейін белгіленген.

Алатау ауданы әкімдігінің мәліметінше, аудан көлеміндегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалар саналатын Мәдениет пен Теректі ықшамаудандарындағы жұмыстар биыл толық аяқталып, тұрғындарды сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.