Алматының Алатау ауданында 5 мектеп салынып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мектептердегі орын тапшылығын азайту үшін жылдың соңына дейін Алатау ауданында 7 800 орындық 5 жаңа мектеп салынады.
Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты.
Әкімнің айтуынша, Саялы шағын ауданында 1 800 орынды мектеп, Томирис, Рахат-Мәдениет, Нұркент және Дархан шағын аудандарының әрқайсында 1 500 орындық мектеп салынады. Осы жылы қазанда Рахат-Мәдениет, Нұркентте мектептерді салу аяқталады, ал қарашада – Дархандағы мектеп салынып бітеді.
Сондай-ақ, біз Саялы-2 және Зерделі шағын аудандарында әрқайсысы 550 орындық тағы 2 мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Бүгін Саялы-2 бойынша мердігер ұйымды анықтау үшін конкурс жарияланды. Құрылыс жұмыстары қыркүйекте басталып, 2023 жылдың қарашасында аяқталады. Зерделі шағын ауданы бойынша жобалау-сметалық құжаттама осы жылдың қыркүйек айында әзірлеуді бітіреміз. Жұмыстарды 2023 жылдың наурызында бастап, 2024 жылдың тамыз айында аяқтаймыз,-деді Досаев.
Сонымен қатар ол биыл Саялы шағын ауданында 160 орындық бала бақшаның құрылысы басталатынын жеткізді. Оны 2023 жылдың наурыз айында аяқтау қарастырылып отыр екен.
Қазіргі уақытта Зерделі шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. 2023 жылдың наурыз айында аяқтау жоспарда. Балаларды сыныптан тыс оқытумен қамту көлемін одан әрі арттыру үшін қазіргі уақытта көпсалалы Инновациялық шығармашылық орталық, яғни Оқушылар сарайы салынып жатыр. Оған 5 мыңнан астам бала баратын болады. Құрылысы 2023 жылдың II-ші тоқсанында аяқталады,-деді әкім.
Әкім сондай-ақ Қарасу тұрғындарының тілектерін ескере отырып, Мәдениет үйінің ғимаратын сатып алу туралы тапсырма бергенін айтты.
Оған 483 млн теңге бөлінді, ғимаратты сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Сосын жөндеу жүргізу қажет соның ішінде спорсорлық қаражат есебінен. Жылдың соңына дейін онда кемінде 10 шығармашылық және білім беру секциясын ашамыз және күн сайын 150-ге жуық бүлдіршіндеріміз осы секцияларға қатыса алады,-деді ол.