Алматының 2025 жылға арналған бюджеті 2,2 трлн теңгеден асты
Бюджет 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Желтоқсан айының басында мәслихатқа Алматының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті енгізілді. Еліміздің тарихында алғаш рет 2025 жылға арналған қалалық бюджет 2,2 трлн теңгеден асты. Бұл 2022 жылдың басымен салыстырғанда 2 есе жоғары, - деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, 2023 жылдың басынан бері Алматы қаласының әкімдігі ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жобалық құжаттарды дайындау бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, 2025 жылы даму бюджеті 2022 жылға қарай 2,2 есеге өсіп, 458 млрд теңгеге жетті.
Мемлекет басшысы қараша айында азаматтардың әл-ауқатын үдемелі арттырудың басым міндетін назарда ұстау қажеттігін атап өтті. Қала бюджеті өзінің әлеуметтік бағдарлануын сақтайды, оған 2025 жылы 40% – дан астам немесе 894,3 млрд теңге, 2022 жылға қарай 1,8 есе, үлесі - 40,2%, - деді Алматы қаласының әкімі.