Алматының 15 нысаны санитарлық талапқа сай болмай шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласында аумағы 2000 шаршы метрден асатын 81 кәсіпкерлік нысанға жұмысын жандандыруға рұқсат берілді. 

Бұл туралы бүгін Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысының орынбасары Қанат Сағындықов айтты.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерлердің барлығы, тіпті төтенше жағдай мен карантин кезінде қызмет көрсеткен нысан иелері де infokazakhstan.kz сайтына өтініш беріп, санитарлық норма талаптарымен танысып, оны сақтауға келісім берулері тиіс. Алматы қаласының кәсіпкерлік субъектілерінің 90 пайызы жұмысын арнайы тексерусіз бастайды.

Өздеріңіз білетіндей, аумағы 2000 шаршы метрден асатын нысандар арнайы тексеруден өтіп, санитарлық талаптарды сақтауға әзірліктері расталған соң ғана жұмысын жандандыра алады. Бүгінгі күні қала бойынша аумағы 2000 шаршы метрден асатын 96 нысаннан өтініш келіп түсті. Оның 81-не рұқсат беріліп, 15-не ескерту жасалды. Бұл нысандар жұмысын санитарлық талаптарға жауап беруге әзір болғанда қайта тексеріліп, рұқсат алады, - дейді Қанат Сағындықов.

Брифингке қатысушы, Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Иксан Көбеевтің айтуынша, қаланың осындай нысандарында, олар негізінен – ойын-сауық орталықтары мен жабық базарлар, санитайзерлер, қолданылған масканы тастайтын контейнерлермен жабдықталып, дене температурасын өлшейтін термометрлердің болуы міндеттелген. 

Сондай-ақ, келушілердің бетпердемен және бір реттік медициналық қолғаппен кіруі қадағалануы тиіс, сол туралы хабарландыратын ақпарат пен нұсқаулықтардың да болуы шарт. Нысанның толымдылығы 30 пайыздан аспауы да қатаң талап етіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы