6 Қараша 2026, 14:53 Фото: ©️ BAQ.KZ коллажы

Алматыны тұншықтырған түтін: Ауаны ең көп ластайтын не?

Алматыда ауаға тарайтын зиянды заттардың жылдық көлемінің шамамен 60 пайызы автокөліктерге тиесілі. Бұл жылына 113 мың тоннаға жуық. Алайда қала ауасын ластайтын жалғыз себеп – көлік емес. Бұл туралы Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Басқарма мәліметінше, қаладағы зиянды шығарындылардың жалпы көлемі шамамен 189 мың тонна. Оның басым бөлігі автокөліктерден бөлінеді.

Суық мезгілде жеке үйлердің көмір мен отын жағуы да ауаға түсетін салмақты арттырады. Бұдан бөлек, қатты және сұйық отын пайдаланатын нысандар да ауаны ластайды. Олардың қатарында моншалар мен қоғамдық тамақтану орындары, соның ішінде кәуапханалар бар.

Алматының табиғи ерекшеліктері де ауа сапасына әсер етеді. Қала Іле Алатауының баурайында орналасқан. Қыста, әсіресе желсіз күндері температуралық инверсия құбылысы байқалады. Яғни жылы ауа қабаты зиянды қалдықтардың жоғары көтеріліп, таралуына кедергі жасайды. Соның салдарынан ластаушы заттар ауаның төменгі қабатында жиналады.

Алматыдағы ауа сапасын жақсарту үшін экологиялық талаптарды кезең-кезеңімен күшейту жоспарланған. Атап айтқанда, 2025 жылғы 30 желтоқсанда бекітілген Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына сәйкес, ауаны ластайтын тұрақты көздерге бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ газ тазарту құрылғыларын орнату және газ тартылған аудандарда қатты әрі сұйық отын пайдалануды шектеу көзделген.

Тағы бір маңызды бағыт – көліктерден шығатын зиянды қалдықтарды азайту. Қалада автобустар паркін жаңарту жалғасып, қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтар көбейіп келеді. Бұл шаралар тұрғындарды жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті пайдалануға ынталандыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, биыл сәуір айынан бастап Алматыда шығарындылары төмен аймақ (LEZ) құру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңінде оған қатысу ерікті түрде жүргізіледі. Аймаққа кіру үшін ақы алынбайды, айыппұл салынбайды және көлік қозғалысына шектеу қойылмайды. Жоба аясында болашақта автокөліктерге қойылатын экологиялық талаптарды енгізу тетіктері сынақтан өткізіледі, - дейді басқарма өкілдері. 

Жалпы, Алматыдағы ауа ластануын азайту жұмыстары көлік саласын ғана емес, отын пайдаланатын және атмосфераға зиянды заттар бөлетін өзге де нысандарды қамтиды.