Алматының Алмалы ауданында тағы бір ХҚО ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Алмалы ауданында екінші Халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Бұл туралы фейсбуктегі өз парақшасында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева мәлімдеді.

Мемлекеттік корпорация басшысы мегаполистердегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін азаматтар үшін ыңғайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар шараның қолға алынғанын айта келе, жаңадан ашылған орталықтың алматылықтар үшін мемлекеттік қызметтерді жылдам алуына көмектесетінін атап өтті.

«Алматылықтарды қуантар жағымды жаңалығым бар. Алмалы ауданында тағы бір ХҚО іске қосылды. Халық тығыз орналасқан ауданда түрлі мекемелер, оқу орындары мен тұрғын үйлер көп. Сондықтан жаңа орталық Алматы тұрғындарына қызметтерді ыңғайлы ортада және тез алуға мүмкіндік береді», – делінген жазбада.

Басқарма төрайымының парақшасынан мәлім болғандай, жаңа ХҚО-да құжаттарды қабылдайтын 18 үстел, құжаттандыруды жүзеге асыратын миграциялық полиция қызметкерлерінің 4 үстелі, 75 орынға арналған күту залы және өзіне-өзі қызмет көрсету секторында компьютермен жабдықталған 22 орын бар. Көлік иелері үшін ғимарат сыртында 30 автомобильге арналған тұрақ қарастырылған. Жұмыс күні жаңа ХҚО орташа есеппен 1500 адамға қызмет көрсете алады.

Алмалы ауданындағы жаңа ХҚО-ның бір ерекшелігі – connection point аумағының жаңа үлгісі. Өзіне-өзі қызмет көрсету аумағы эллипс формасында жасалған. Оның ортасында жүретін кеңесші маман барлық қызмет алушыға көңіл бөліп, дер кезінде көмек бере алады.   

Орталықтың ресми ашылуы – 2 қыркүйек, бірақ қызметтерді бүгіннен бастап ала беруге болады. Жаңа ХҚО Байзақов көшесі 174-ғимаратта орналасқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы