Алматылықтарға «Сағындым Алматымды» көрмесі ұсынылды
Алматыда қала күні аясында Алтынбек Қоразбаевтың 75 жасқа толуына орай «Сағындым Алматымды» көрмесі өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеде Алтынбек Қоразбаевтың жеке заттары мен фотоқұжаттары, достары мен әріптестерінен келген сыйлықтары, сахналық костюмдері қойылған.
Мұнда мені өнерге шабыттандырған, өзім үшін құнды заттар қойылған. Мерейлі мерейтойымның қарсаңында осындай көрмені ұйымдастырған мұражай қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Әндерімнің басым көпшілігі Алматы қаласында жазылғандықтан, бұл қала мен үшін ыстық. Көрмеге «Сағындым Алматымды» әнінің атауы қойылғаны да осы себептен. Көрме ұйымдастырамыз деген сәтте біраз абдырап қалғаным рас. Дегенмен 75 жылдық ғұмырымда ыстық естеліктердің көп екендігіне көзім жетті. Заттарды жинастырып жүріп, жас кезімде түскен суреттерге көз тастап, сол бір сәттерді есіме алдым, - дейді Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев.
Мұражай қызметкерлері Қала күні қарсаңында ұйымдастырылған көрме жас өнерпаздарға шабыт беретінін атап өтті.
Біздің мақсатымыз - өнер қайраткерлерін көзі тірісінде ардақтау. Олардың сахналық костюмдері мен домбыра, қобыздарын көрмеге қойып, жас ұрпақты өнер мен білімге баулу. Көрмеге компазитордың 80-нен астам заттары қойылған. Сахнадағы костюмдері, қара домбырасы, естелік суреттерін көруге болады. Алтынбек Қоразбаев - Жетісу ән өнері мектебінің ұлы дәстүрін жалғастырушы, дамытушы, ізденімпаз әрі талғампаз, еңбекқор, шығармашыл тұлға. Композитордың шығармашылығы Алматы қаласымен байланысты болғандықтан, Қала күні қарсаңында ұйымдастыруды жөн көрдік, - дейді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің өкілі Қайрат Тарыбаев.
Көрме екі аптаға созылады. Келем деушілерді Алматы мұражайы қарсы алады.